• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 31 Наурыз, 2020

Бетперде киген көктем-2

682 рет
көрсетілді

2.

Карантиндегі он алтыншы күн. Редакция терезесінен көкмұнарланып көркем қала көрініп тұр. Сағат 15:25. Сейсенбі.

Екі қолымда медициналық қолғап, бетперде, қалтамда – антисептик. Әріптестермен алыстан амандасамыз. «Амансыз ба?», «Есенсіз бе?»... Аман-есен. Жалпы, сөздерде, ұғымдарда ұлттың мың жылдар бойы кешкен тарихы тұрады. Сөз – халықтың жады, тарихи жады. Архетиптік сана сөзде тұр. Сөз өлсе, архаизмге айналса, сол дәуірдің де өлгені. Бір сөзбен бірге тұтас бір кезең жоғалады.  Исламмен бірге «аман» сөзі келді, оған дейінгі дәуірден жеткен түркінің өз «есен» сөзі бар. Екеуі қосылып, «аман-есен» болды. Екі дәуір, екі бөлек жад, екі бөлек әлем біртұтас сөзге, қос сөзге айналды. Аман сөзі аманаттан шығады. Аманатыңыз – арабтың сақтау, сақталуы. «Аманбысың?» - «сақталып тұрмысың?» дегені.

Адамдардың бір-бірінен сақтануы – бірін бірі сақтауы. Вирустан қорғанамыз, қорғаймыз. Ауыз-мұрынды тұмшалап, қолды қаптап, қайта-қайта жуғанда, біздің әрбірімізде басқа да «вирустар» бар екенін еріксіз ойлайсың. Мінездегі, сезімдегі, ойдағы, іс-әрекеттегі вирустар. Олар да жұқпалы. Ортаңнан жұғады, ортаңа жұқтырасың, балаңа жұқтырасың. Тұтас буынға жұқтырасың. Қоғамға, адамзатқа таратасың. Осы вирустардан біз қорғанамыз ба? Өзгені қорғауға тырысамыз ба? Кері, теріс мінездер, керенау сөздер, тіпті әдеттер – осының бәрі біздің вирустарымыз. Мидағы, жүректегі вирустар. Олар да адамды өлтіреді. Кембағал қылады. Рухани мүгедекке айналдырады. Біз рухани вирус жұққан адамдардан да айнала қашамыз. «бәлесі жұғады» дейміз, «бәлеңіз» – сол вирус.

Бетперде киген көктем. Күн жарқырап тұр. Бірақ, бір көңілсіздік бар. Еуропаны кезген коммунизм елесіндей. Ол да вирус болатын.