Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Төтенше жағдай кезеңіндегі құқық бұзушылықтар туралы баяндады.
Ведомство басшысының айтуынша, 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында карантиндік режім күшейтілді. Мекемелер жұмысы тоқтатылып, азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылды. Адам көп жиналатын орындар жабылып, көлік қозғалысы шектелді. Көшеде үш адамнан артық жиналуға, сондай-ақ жасөспірімдерге жалғыз жүруге болмайды.
– Азық-түлік, дәрі-дәрмек алу кезінде, не болмаса аурухана, жұмысқа барар кездерде ғана көшеге шығуға болады. Басқа кезде шығуға тыйым салынады. Тәртіп бұзғандармен 3 күн бойы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ереже бұзғандарға бүгіннен бастап айыппұл салынады. Ал қарсылық танытқандар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады, – деді Е.Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі. Жаяу және автокөліктегі патрульдер саны көбейтілді. Бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ұрлық пен тонау фактілерін болдырмау мақсатында бірқатар шара қолға алынуда. Нәтижесінде, төтенше жағдай жарияланған кезден бастап ел аумағында қылмыс саны 22%-ға азайып отыр.
Сонымен қатар жекелеген шектеу шаралары Ақтау, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларында енгізілді. Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарына кіру жолдары жабылды. Ертең Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қатысты да осындай шара қабылданады. Жалпы, ел көлемінде режімді сақтауды қамтамасыз ету мақсатында карантин аумақтарында 147 блок-бекеттер қойылды.
Алайда төтенше жағдай кезінде қолға алынған шектеулер мен тыйым салуларға қарамастан, құқық қорғау қызметкерлері заң бұзушылық фактілерін әлі де анықтап келеді. Ондай жағдайларға қатысты уақтылы шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына өтпек болған 33 заң бұзушы жауапқа тартылды. Соның арасында белгілі бір мөлшердегі қаражат ақысына жолаушыларды блок-бекеттерді айналып өтіп тасымалдамақ болғандар да бар. Нәтижесінде 32 азамат қамуға алынды.
Санитарлық ережелерді бұзу, инфекция жұқтырған адамдардың ем алудан бас тарту жағдайлары және олардың қарым-қатынаста болған тұлғалар туралы ақпарат бермеу фактілері де тіркелуде. Бұған қатысы 4 сотқа дейінгі тергеу амалдары бастал- ды.
Кейбір жауапсыз азаматтар біле тұра жалған ақпарат таратуын әлі де жалғастыруда. Жалған хабарламалардың авторлары нақты медициналық мекемелердің, елді мекендердің, жұқтырғандардың, өлгендердің санын көрсетіп, қолданыста жоқ тыйымдар туралы айтып, қоңырау шалады, жазады.
Мәселен 25 наурызда Кореядан ауру жұқтырып келгендер Ақмола облысының ауруханаларында жатқызылғаны туралы жалған ақпаратты әлеуметтік желіде таратқан көкшетаулық азаматтар тобы ұсталды. Бір күннің ішінде (29 наурыз) Атырау облысында инфекцияның таралуы туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратудың 3 фактісі тіркелді.
– Бәріңізді сабырға шақырып, жағдайға аса жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Шектеу мен карантин жариялау – вирустың жаппай таралмауы үшін жасалған қадам. Қазір азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін алдыңғы шепте жүрген – дәрігерлер, полицейлер және әскерилер. Бәріміз бір-бірімізді қолдап, әлемге төнген қауіппен бірге күресуіміз қажет, – деп түйіндеді ведомство басшысы.