3.
Карантин. Редакция. Күн оған қарай ма, 06:47-де шығып алған. Әлем үйінде отыр. Әлемнің үйі – жер шары. Бәріміздің үйіміз. Сонша үлкен көрінуші еді, алғаш айналғандар 80 күн жүріп еді, сөйтсек, бір ғана бөлме екен ғой. Бір үлкен қонақ бөлмесі. Тар, тымырсық. Шында түшкіргенді Машын естиді, Америка жөтелсе, Африкада біреу аттан ауып түседі. Құлағыңа піл түшкіргендей.
Әлі де күн шықты дейміз. Шын мәнінде, күнге шығамыз. Күн батпайды, күннен батамыз. Себебі, күн – орнында, жер айналып тұр. Айналып, күнге шығады. Осыдан бес ғасыр бұрын осы үшін Бруноңыз да, Копернигіңіз де, Галилейіңіз де азап құшып еді. Бірін отқа жағып, бірін үйге қамаған. Үйде отырғандарды ойлағанда, сол үшін үйқамақта отырған Галилейді де ойлап қоямыз. «Не десеңіз де, жер айналады!» деген Коперниктің де ышқынған үні естіле ме, қалай...
Тіл – тірі организм, өседі, өзгереді, құбылады, өледі. Еуропаның көп халқы east, ost дейтін, славян тектес халықтар восток деп жүрген шығыс, күншығысымыз сол баяғы кәрі де ардақты гректің anatolē сөзі екен. Анадолы, Түркиядағы. Күннің шығатын жері. Тыныш тұрған күнді құлайды деп жүрген де тағы ескі славян тілі. Запад – западати – падать. Оған қарағанда біз құлатпаймыз, жай ғана батырып жібереміз. Таудан шығады, теңізге батады дегендей. Осыдан-ақ адамзаттың санасы алғашқы қауымдық құрылыстағы, одан кейін аңыздар, эпостар дәуіріндегі сәбилік түсініктерді әлі де сақтап қалғанын аңғаруға болады. Несі бар, тым есейіп кеткен де жақсы емес, сәбилік, балалықтан бір белгі қалу керек.
Үйде қалыңыз десе, үйде қаламыз. Үйде отырыңыз десе, үйде отырамыз. Ата-анамыз бала күнімізде де солай айтпаушы ма еді. Содан жаман болған жоқпыз. Қаңғымадық. Кітап оқыдық, өнер үйрендік.
Бетперде киген көктем. Барлық адамдар бір кезде бала болған. Есейіп кеткен балалар. Бір бөлмедегі жеті миллиард бала.