Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Красный Яр ауылының тұрғындары «Көкшетау су арнасы» кәсіпорны экологияға орасан зор зиянын тигізуде деп дабыл қағуда.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Шағалалы өзеніне су тазарту станциясының сүзгі алаңындағы су ағызылған. Алайда, кәсіпорын мамандары бұл жайды теріске шығарып отыр.
Красное ауылының жанындағы бұл көлшік – Көкшетаудың кәріз жүйесінен аққан суларды тазарту нәтижесінде пайда болған арнайы сүзгі алаңы. Су тазарту станциясының аумағында ондай 16 сүзгі алаңы бар. Тұрғындардың айтуынша, көктемгі тасқынның алдын алу үшін Көкшетау су арнасының мамандары құбыр арқылы оны далаға ағызып жібереді. Ағын судың әсерінен жылға да пайда болған. Жылғамен аққан су Шағалалы өзеніне құяды мыс.
–Көктемгі су тасқыны кезінде олар сифонды құбырды іске қосып, суды ағызып жібереді. Сөйтіп, шайынды су Шағалалы өзеніне құяды. Оның үстіне сол сумен көкөніс егістігі суарылады,–дейді Красный яр ауылының тұрғыны Александр Ежов.
Алайда, кәсіпорынның бас инженерінің айтуынша, аталған сүзгі алаңы 5-6 жылдан бері консервацияда тұр. Сондықтан мамандардың бұл жерге келіп, құбырды іске қосулары тіпті де мүмкін емес.
– Бұл еріген қар суы болуы әбден мүмкін. Биыл қар қалың түсті. Судың деңгейі көтерілді. Сөйтіп, қарғын су сол құбыр арқылы құйылған. Біз ол құбырды қосқан емеспіз. Ол бұрыннан жатқан сифон құбыры. Бұрын сол арқылы суды құятынбыз. Қазірде осы сүзгі алаңдары консервацияда тұр. Сондықтан мүлдем пайдаланылмайды. Оған су құйылмайды,–дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының бас инженері Қазбек Сәдуақасов.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар еріген қар суының аққанын бақылаған. Себебі, қазірде кәріз суын тазарту құрылғыларынан өткен су сүзгі алаңдарына емес, Мырзақансор су қоймасына ағызылады. Яғни, шайынды судың Шағалалы өзеніне құйылу қаупі жоқ. Мамандардың бұл сөзіне табиғат жанашырлары еш сенбейді.
Көкшетаудағы кәріз суын тазалау станциясы 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жылына шамамен қаланың кәріз жүйесінен келетін 5,7 млн куб шайынды суды қабылдап, тазартудан өткізеді. Кәріз суы сүзгінің 4 түрлі деңгейінен өтіп, тұндырылып барып, Мырзақансор су қоймасына ағызылады.
– Шайынды суға күнделікті сараптама жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тазартудың әр кезеңінен өткен су зертханалық тексеруден өтеді. Оның тазалығын, мөлдірлігін, химиялық құрамын қараймыз. Мырзақансор су қоймасы мен бұрын пайдаланылған сүзгі алаңдарындағы су біздің көрсеткіштер бойынша техникалық мақсатта пайдалануға жарамды. Яғни барлық көрсеткіштер бойынша шекті нормадан аспайды,–дейді су тазарту станциясының зертхана меңгерушісі Рина Ильмуратова.
Сөйтіп, мамандардың айтуынша, қаладағы кәріз жүйесінің тазартылған суы, техникалық мақсатта пайдалануға әбден жарайды. Әйтсе де, мыңдаған халқы бар облыс орталығына заманауи талапқа жауап беретін жаңа су тазарту станциясы керек-ақ. Жаңа станцияны салу 2011 жылы қолға алынған болатын. Алайда, қаржының тапшылыған тоқтап тұр.