Карантиннің алғашқы күні. Блок-бекеттерде құқық қорғау қызметкерлері мен дәрігерлер тәулік бойы күзетуде. Облыс бойынша 8, ал, Көкшетау шекарасында 12 бақылау-өткізу бекеті орнатылды. Облыс аумағында жалпы саны 50-ден астам бекет қойылмақ.
Карантиннің алғашқы күні ақмолалықтар орын алған жағдайға түсіністік танытып, өрескел оқиғаға жол бермеді. Тәртіп талабы қатаң. Бұлжытпай орындау керек.
– Нұр-Сұлтан-Петропавл тас жолының 292 шақырымында бақылау-өткізу бекеті орнатылған. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары да бекеттерде кезекшілік атқаруда. Олар азаматтардан соңғы 14 күнде қайда болғаны жөнінде сұрап білуде. Әр бекетте шамамен 12 адам кезекшілік атқарады, – дейді облыстық әкімшілік полициясы басқармасының аға инспекторы Айбек Хасенов.
Жолаушылар барар бағытын, жол жүру мақсатын түсіндіріп жатты. Әрқайсысының қолында рұқсат қағаздары бар. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, әзірге өрескел заң бұзушылық тіркелген жоқ. Азаматтардың карантин режиміне деген көзқарастары оң. Бекеттен өткізбеген көліктер еш қарсылықсыз кейін қайтуда.