ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ТІРЕГІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ
Бүгінгі күнде Қазақстан – балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында көш бастап келеді.
12 жылдық оқытуға көшуге дайындық алдағы басты басымдықтардың қатарынан саналады.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асуда.
Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Ғалия АМАНОВАМЕН әңгіме
– Ғалия Матанқызы, Жетісу жерінде биыл қанша мектеп жаңадан салынып, қаншасы күрделі, ағымдағы жөндеуден өтті? Жалпы, жаңа оқу жылына дайындық қалай?
– Елбасы дәстүрлі Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», – деп нақтылады. Сондықтан мемлекеттік саясатқа сай мектептерде электронды білім беру ісін дамытуға, ағылшын тілінен дәріс беруді 1 сыныптан бастауға ерекше екпінмен кірісудеміз. Негізі алдыңғы буынның басты міндеті – жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау. Құдайға шүкір, үстіміздегі жылы Алматы облысында 13 жаңа мектеп, 10 балабақша іске қосылады. Сонымен қатар, бюджеттен 5 млрд. 236 млн. 465 мың теңге бөлініп, 53 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және жеке меншікке өтіп кеткен балабақша ғимараттарын кері қайтару мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық білім нысандарының қысқы маусымға дайындық барысы жіті қадағаланып отыр. Қатты және сұйық отын жеткізу жұмыстары арнайы бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Жалпы, қабылданған шаралардың арқасында барлық мектептер жаңа оқу жылының басталуына дайын, білікті кадрлармен қамтамасыз етілген және сапалы білім мен тәрбие беру үшін қажетті жағдай жасалған.
– Заманауи білім беру деңгейін көтеру үшін қандай кемшіліктерді түзету керек? Облыс мектептері уақыт талабына сай жабдықталған ба? Мемлекеттік жалпы білім беру стандартына толық көшесіздер ме?
– Уақыт талабына сай білім беру деңгейін көтеру үшін облыстағы апатты жағдайдағы мектептердің және үш ауысымда оқитын мектептер санын азайту мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл тұрғыда жаңа білім беру ғимараттарының салынып жатқанына қарамастан, Алматы қаласы маңындағы Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарына сырттан миграциялық жолмен келушілер есебінен оқушылар саны жылдан жылға өсуде.
2012-2013 оқу жылында кеңжолақты интернетке 470 білім мекемесі қосылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 10,9%-ға жоғары.
2006-2011 жылдар аралығында облыстың 316 мектебі лингофонды-мультимедиялы кабинеттермен жабдықталған болса, бүгінгі таңда 321 мектеп қамтылып отыр. Ал компьютермен қамту көрсеткіші 2013 жылы 11,3 оқушыны құрайды (республикалық көрсеткіш – 13), бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда, компьютерлік техниканың саны артқандығын көрсетеді. Облыстың 529 мектебінде 1262 интерактивті тақта орнатылған. Жаңа модификациялық кабинеттермен де жабдықтау барысында физика кабинеттері – 235, химия кабинеттері – 120, биология кабинеттері 202-ге жетті. Былтырғы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 224,9 млн.теңгеге 1500 компьютер сатып алынса, биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 257,5 млн.теңге бөлінді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан әзірленген мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес 2013-2014 оқу жылынан бастап ағылшын тілі еліміздегідей 1 сыныптан бастап оқытылады.
– Қанша мектеп «Е-learning» электронды білім беру жүйесімен жұмыс істейді?
– «Е-learning»электрондық жүйесіне ө ткен жылы 70 білім беру ұйымы қосылған еді. Бұл ұйымдарда құрылымдық кабельдік жүйеге монтаж жұмыстары жүргізілді, заманауи компьютерлік және перифериялық техникамен жабдықталынды, кеңжолақты интернет желісіне (4–10 Мбит/с) қол жеткізу қамтамасыз етілді, электрондық оқыту жүйесінің бағдарламалық шешімі енгізіліп, ұйымдар жүйеде толық жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы 75 білім беру ұйымында жобаға қосылу үшін әзірлік жұмыстары жүргізілуде.
Осылайша, 2013 жылы электрондық оқыту жүйесіне 139 жалпы білім беретін мектеп қосылады. Электрондық оқыту жүйесінің жұмыс істеуі үшін оқытушылар мен электрондық оқыту жүйесінің әкімшілерін даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында Алматы облысының педагогтары үшін республикалық білім көтеру институтының, облыстық білім берудегі жаңа ақпараттық технологиялар орталығының, жергілікті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ филиалдарының ұйымдастыруымен оқыту курстары өткізілген еді. Аталған курстардан электрондық оқыту жүйесіне қосылған білім беру ұйымдары директорларының оқу ісі және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдері барлығы 5219 педагог өтті.
– Жас мамандарға билік тарапынан жағдай жасала ма?
– Облысымызға келген жас мамандарға қолдау көрсету, материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету және кәсіби өсуіне мүмкіндік туғызу мәселесін облыс әкімі басты назарда ұстап отыр. 2012-2013 оқу жылында Жетісу жеріне 699 жас маман келіп, оның 604-і ауыл мектептеріне еңбекке тартылды. Сөз реті келгенде айта кетсем, өткен оқу жылында облысымызға 569 жас маман келген еді. Солардың ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 332 жас маман жұмысқа орналасып, оларға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төленді.
2013-2014 оқу жылында облыстағы білім беру ұйымдарында жұмыс істеу үшін 119 жас маман тіркелді. Білім беру ұйымдарына келген жас мамандар есебінен бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп жүрген зейнеткер ұстаздар саны 278-ге азайып отыр. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына ауылдық жерлерге барған жас мамандарды толық апталық жүктемемен (18 сағатпен) қамтамасыз ету тапсырылды. Жас мамандарды жұмысқа тарту бойынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен ғана емес, Шығыс Қазақстан облысындағы және Алматы қаласындағы педагогикалық жоғары оқу орындарымен де жұмыс жүргізілуде.
Елбасының «тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында Жаркент гуманитарлық және Есік гуманитарлық-экономикалықколледждері базасында өткен оқу жылынан «Бастауыш мектептегі ағылшын тілі мұғалімі» және «Аударма ісі» мамандықтары бойынша мамандар дайындалуда. Ауылды жерде жұмыс істейтін әрбір мұғалімге жыл сайын жалақысына 25% үстемеақы қосылып отырады.
Бүгінгідей сан алуан ақпараттар үстемдігі белең алған кемелденген қоғамда өркениеттің барлық ізгі дәстүрлерін бойына сіңірген зерделі жеткіншектерді тәрбиелеу тек қана ұлағатты ұстаздардың қолынан келеді. Сондықтан да педагогтардың беделін арттыру ең басты мәселелердің бірегейі. Облысымызда жыл сайын ауыл мұғалімдерінің коммуналдық төлемдеріне қомақты қаражат бөлінуде. Білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін өсіру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан жүлде қоры қомақты 7 номинация бойынша кәсіби байқаулар өткізу дәстүрге айналған. Сол байқау қорытындысы бойынша ең үздік жыл мұғаліміне Талдықорған қаласынан 2 бөлмелі пәтер беріледі. Бұл өз кезегінде бақытын бала тәрбиесімен байланыстырып отырған ұстаздар қауымының өз ісіне деген ынтасын арттырып, жігеріне жігер қосатыны белгілі.
Елбасының тапсырмасына сәйкес оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспарды негізге ала отырып, алған білімдерін кез келген ортада тиімді пайдалана білетін дарынды балалармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2012-2013 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына облыстан 182 оқушы қатысып 130 медальді иеленді, оның 37-сі алтын, 35-і күміс, 58-і қола медаль. 2013 жылы Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауына 36 оқушы қатысып, 14 медаль иеленді . Талдықорған және Тараз қалаларында өткен республикалық олимпиада қорытындысы бойынша 1 алтын, 7 күміс және 12 қола медальді иеленіп, республика бойынша жалпы командалық сынақта бірінші орынды алып, «Үздік олимпиада командасы» атағын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».