• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2020

Ақкөлдің құс фабрикасы қолдау көрсетуде

532 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай мерзімінде отандық азық-түлік өндірушілері ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық береді. Ақкөл ауданында орналасқан «Үшбұлақ-2005» құс фабрикасы әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына көмек көрсетуде.

Ақкөл құс фабрикасында 100-ден астам адам еңбек етеді. 2014 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорынға 2 жарым млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Әуел баста 5  млн дана жұмыртқа өндірген кәсіпорын қазір өндіріс қуатын 70 миллионға жеткізген. Фабриканың өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор.

–Қазір құс саны 180 мыңға жуық. Балапан қорасында 90 мыңға жуық құс өсірілуде. Тәулігіне 170-160 мыңға жуық жұмыртқа жинаймыз,–дейді «Үшбұлақ-2005» құс фабрикасы директорының орынбасары Сүндет Асқаров.

Мамандар сан қуып, сапаны назардан тыс қалдырмақ емес. Мұнда құс азығы тек табиғи жем-шөптен дайындалады. Қазіргі күні Ақкөлдің бұл өніміне шет елдерден сұраныс мол.

–Әлемде азық-түлікке алаңдаушылық пайда болды. Біздің елімізде бұған ешқандай негіз жоқ. Қолдан келгенше өңір тұрғындарына қолдау танытамыз. Ақкөл қаласына 10 мың дана жұмыртқа және Көкшетау қаласына 34 мың дана жұмыртқа құс фабрикасының атынан көпбалалы аналар және зейнеткерлерге, жағдайы жоқ отбасыларға көмек ретінде жіберіп отырмыз,–дейді «Үшбұлақ-2005» құс фабрикасының директоры Сапарғали Әбдірайымов.  

Жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің бірі. Астық нарығындағы бағаныңтұрақсыздығына байланысты жұмыртқаның өзіндік құны өзгеріп тұрады. Кәсіпорын қазір жоғары сапалы тауық жұмыртқасының бір данасын 24-26теңгемен саудалауда. Әлеуметтік жауапкершілігін жете сезінген кәсіпорынға мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп отыр.

–«Үшбұлақ-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бизнесті қолдаудың жол картасына» енген. Бағдарлама аясында кәсіпорынға электр қуаты мен ауыз су тартылды, жол төселді. Құс фабрикасы әрқашан әлеуметтік жауапкершілік танытып келеді. Елорда мен облыс жәрмеңкелерінде тұрғындарға арзандатылған бағамен жұмыртқа ұсынуда. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға тұрақты қолдау көрсетеді,–дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Валентина Ситникова.

Бұған дейін отандық құс фабрикалары өз өнімінің 50 процентін экспортқа шығарып келген. Қазір басымдық, ішкі нарыққа берілмек.

 

Ақкөл ауданы,

Ақмола облысы.