Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы блок-бекетінде короновирустық індеттің таралуын болдырмау мақсатында автокөліктерге тексеру жүргізу барысында, кезекшіліктегі Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Алматы қаласы бағытындағы «Toyota Corolla» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Аталған автокөліктегі жолаушы ер адам заңға бағынбай, полиция қызметкеріне дене жарақатын келтірген. Оқиға 1 сәуір күні болған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 34 жастағы Тараз қаласының тұрғыны полиция қызметкерінің төтенше жағдай талаптарына сәйкес, тиісті құжаттарынсыз блок-бекетінен өткізбей шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған. Күдікті кінәсін мойындап, ҚР ҚПК-нің 128-бабымен Тараз қаласының полиция басқармасына уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 379-бабы (төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілінің заңды талабына бағынбау) және 380-бабымен (билік өкіліне қарсы күш қолдану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», делінген Жамбыл облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысы