• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 02 Сәуір, 2020

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президентімен телефон арқылы сөйлесті

239 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар әлемдегі коронавирус індетінің таралуына қатысты қазіргі ахуалды және оның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларды талқылады.

Шарль Мишель елімізде COVID-19 вирусының одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Президентінің нақты іс-қимылдары мен шешімдеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша Қазақстан Орталық Азия аймағындағы Еуропалық одақтың аса маңызды серіктесі саналады. Осы ретте еліміздің індетке қарсы күрес жөніндегі халықаралық және өңірлік іс-шараларға атсалысуының маңызы зор екенін, оның Брюссельде жоғары бағалатынын жеткізді.

Еуропалық Кеңестің басшысы Қазақстан Президентінің шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау мақсатында дағдарысқа қарсы қабылдаған іс-шараларын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның нақты шешімдер қабылдайтынын айтты.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Еуроодақ өкіліне пандемияға қарсы күрес бойынша Ресейдің, Қытайдың және Орталық Азиядағы бірқатар елдердің басшыларымен телефон арқылы жүргізген келіссөздердің қорытындылары туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің коронавирусқа қарсы күреске бағытталған, оның ішінде, халықаралық қаржыландыру (5 трлн. доллар) арқылы әлемдегі әлсіз мемлекеттерге көмек көрсету жөніндегі гуманитарлық жоспарын ілгерілету жайындағы бастамасын қолдайтынын айтты.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одаққа мүше елдер арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа келісімді жүзеге асыру туралы пікір алмасты.

Мемлекет басшысы аталған құжаттың саяси диалогты одан әрі нығайтудың, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға берік негіз болатынын мәлім етті.

Cөз соңында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, Шарль Мишель Астана форматы аясында өткен Сирия келіссөздерінің преспективасына қызығушылық танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі Женева процесін жалғастыратын келіссөздердің кезекті кезеңін өткізу үшін Қазақстанның өз алаңын ұсынуға дайын екенін нақтылады.

Телефон арқылы сөйлесуге еуропалық тарап бастамашы болды.