Алтынай Нөгербек! Қазіргі қазақ сахнасы мен экранының жарық жұлдызы. Өнерде аналар бейнесінің әдемі галереясын жасап келе жатқан талантты актриса. Ол сомдаған кейіпкерлер өзінің күндей нұрлы жылуымен, тереңдігімен, шынайылығымен көңіл түкпірінен орын алады. Алтынайдың рөлдерінен бұрын ең әуелі жаны сұлу. Сондықтан болса керек, әр рөлі бірінен бірі өтер ерекшелікке ие, жүрекке жақын. Өз замандастарының ішінен бірінші болып оза шығып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған өнер иесімен театр және кино әлемінің қызығы мен қиындығы турасында әңгіме өрбіткен едік.
– Сіздің өнердегі үлкен белесіңіз, өмірбаяныңыздағы бүгінге дейін сомдаған аналар бейнесінің шыңы – Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміндегі рөліңіз болды десек, қателеспейміз. Айтыңызшы, жалпы шығармашылығыңыздағы аналар рөліне апарған жол қалай басталған еді?
– 9 сыныпта оқып жүрген кезімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлтас Құрманбай деген апайымыз мектепішілік мерекелік кеш ұйымдастырды. Сонда маған М.Горькийдің «Өлімді жеңген ана» әңгімесі бойынша дайындалған шағын сахналық қойылымда Ана рөлін берді. Сол арқылы алғаш рет сахна әлемінің дәмін, сырын сезіндім. Театрға ғашық болдым. Одан сәл кейінірек Жезқазған театрының «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын көріп, сондағы актерлердің ойынына тәнті болғаным соншалық: «Болашақта өмірімді өнермен байланыстырамын, актриса боламын» деген шешімге түбегейлі бекіндім. Шүкір, Алла арманыма жеткізіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Тұңғышбай Жаманқұлов шеберханасында оқып, тәмамдадым. Әшірбек Сығай, Майра Омарбаева сынды ұстаздардан дәріс алдым. Кейін елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа қабылданып, ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің тәлімін көрдік. Жас маман үшін бұл үлкен тәжірибе, тағылым мектебі болғаны анық. Көп нәрсе үйрендім. Сахна әлемінің қыр-сырына қанықтым. Менің үлкен бақытым – сахна мені жатырқамады. Театрға келгеннен басты рөлдерге бекітіліп, нағыз актриса болудың қуанышын сезіндім. Бүгінде өткенге көз жүгіртіп қарасам, шынымен де сол мектеп қабырғасында жүріп ойнаған Ана бейнесі менің алдағы актрисалық жолыма берілген жолдама, ақ бата болды десе де болады. Содан бері, міне, күні бүгінге дейін түрлі пландағы көптеген ана бейнесін кейіптеп келеді екенмін. Ол, әсіресе, кино саласындағы ірілі-ұсақты жұмыстарымнан анық көрінеді. Жоғарыда жақсы айтып кеттіңіз, расымен де «Анаға апарар жол» фильміндегі Мәриям ананың бейнесі мен үшін қай жағынан да қымбат. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Мәриям бейнесіне дейін көбінесе эпизодтық рөлдерде көрінсем, бұл рөл басты кейіпкер, салмағы да, жауапкершілігі де зор болды. Өзімді актриса ретінде дәлелдеу жолындағы үлкен сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Қатты толқыдым, қобалжыдым. «Анаға апарар жол» арқылы ана, әйел әлеміне шындап дендеп енгендей болдым. Және сол әлемге шексіз ғашық болдым. Ішкі әлеміммен үндес таңғажайып көңіл күйді бастан кештім. Рухани ләззат алдым. Жалпы, маған өмірде де, өнерде де ана рөлін ойнаған ұнайды.
– Өнер – бақыт. Сол үлкен бақытты сіз театр сахнасына көтерілместен бұрын-ақ, өмірге келіп, есіңізді білгелі бері әкенің қаны, ананың сүті арқылы бойыңызға дарытып өстіңіз. Әкеңіз белгілі кинотанушы, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, біздің ұстазымыз Бауыржан Нөгербек болса, анаңыз да кәсіби театртанушы. Қос бірдей өнер өкілінің отбасында дүниеге келудің артықшылығы мен қиындығы қандай?
– Расымен де, мені өмірде де, өнерде де жолы болған адам деп айтуға болатын шығар. Өйткені өнер маған өмір есігін ашқаннан-ақ таңсық әлем болған жоқ. Әкем Бауыржан Нөгербек кәсіби кинотанушы болса, анам Гүлжахан Қалижанқызы – театртанушы, белгілі ақын, драматург Қалижан Бекхожиннің қызы. Әкем мен анам Мәскеуде оқып жүргенде танысып, кейін отбасын құрады. Сондықтан біз де бала күнімізден өнер деп өстік. Әлі есімде, кішкентай кезімізде ертегіні көп оқып, анимациялық фильмдерді тамашалап, таңғажайыпқа шын сенетінбіз. Сонда анамыз да бізбен бірге жүріп, сол ғажайыптардың орындалатындығына иландыратын. Мәселен, «Карлсон шатырда тұрады, түнде үйімізге келеді» деп асыға күтетінбіз. Сөйтіп, анамызға айтып 3 литрлік банкаға тосап дайындатып, терезенің алдына қойып, Карлсонның келуін күтіп-күтіп, ұйықтап қалатынбыз. Таңертең оянсақ, терезенің алдында бос ыдыс пен Карлсонның атынан жазылған хат жататын. Карлсоннан хат алған кездегі біздің қуанышымызды көрсеңіз. Әрине, оның барлығын анамыз ұйымдастырып жүргенін біз ол кезде білген жоқпыз. Бірақ біз үшін сол бір сәттер балалығымыздың ең бір қызық шақтары болып жадымызда жатталды. Міне, біз осындай әдемі әлемге сеніп өстік. Соның әсері шығар, біздің үйдің балаларының бәрі де өнерден алыс кетпеді.
Ал мұндай отбасында өсудің қиындығына келсек, әрине, ол ең бірінші жауапкершілік деп ойлаймын. Әкеңнің атына кір келтірмеу керек қой. Бәлкім, өнерге қатысы жоқ, басқа салада қызмет етсек, бұл жауапкершіліктің салмағы әлдеқайда жеңіл болар ма еді. Бір салада жүргеннен кейін де, оның үстіне әкем кино сыншысы болған соң, «Бауыржан Нөгербектің қызы» деген атқа лайық болу үшін барынша тырыстым. Әлі де тырысып келемін. Өнердегі орнымды, есімімді өз талант-еңбегіммен қалыптастырғым келеді.
– Әке дегенде ойыңызға не оралады?
– Өнер жолын таңдағым келетінін алғаш естігенде, әкем де, анам да аса құп көре қоймады. Өйткені екеуі де осы жолдан өткендіктен, оның үстіне баланың ішінде жалғыз қыз екенім де әсер еткен болар, актриса болу тілегімді онша жақсы қабылдаған жоқ. Бірақ кейін менің мақсатымның айқын екенін көрген соң, баталарын берді. Қазір ойлап қарасам, ол кісілердің қобалжуы, менің келешегіме алаңдауы орынды екен. Бүгінде өзімнің де ұлдарым мен қыздарым өсіп келе жатқаннан кейін мен ол кісілерді жақсы түсінемін. Егер келешекте балаларым өнер жолын таңдайтынын айтып жатса, мен де дәл солай қобалжып, алаңдар едім. Өйткені ол жолдан мен де өтіп көрдім. Әлі есімде, оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жылдарда көңілім толмайтын, қиналған сәттер болды. Сонда әкем айтты: «Алтынай, сенің басты мамандығың – ол сенің ана болғандығың» деді. Осы бір-ақ ауыз сөзбен-ақ менің барлық ішкі толғанысыма жауап бергендей еді. Әкемнің осы ақылын ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Жалпы, біз әкем екеуміз рухани өте жақын, сырлас болдық. Бірге кино көріп, талқылайтынбыз. Ол кісі менің бастамаларыма үнемі қолдау білдіріп, жол сілтеп отыратын. Менің ең үлкен сыншым – әкем болды десем, артық айтқандығым емес. Бір жолы әкем екеуіміз ғана үйде қалыппыз. Ол кезде мен мектеп оқушысы болсам керек. Кешкілік бірге отырып «Летят журавли» фильмін көрдік. Фильм аяқталған соң, бөлмеме кеттім. Бірақ дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Әкемнің де ұйықтай алмай жатқанын байқадым. Өйткені асүйдің шамы жана берді. Сосын қасына бардым. Таң атып қалған кез болатын. «Не болды, қызым? Ұйықтай алмадың ба?» деп сұрады. «Иә, ұйықтай алмадым. Түні бойы киноны түсімде көріп шықтым. Мен ана қызды (бас кейіпкерді) аядым» дедім. Сонда әкемнің де көзіне жас келіп: «Ал мен оның әкесін аядым» деп еді. Міне, әкем осылай бір-ақ ауыз сөзбен көп нәрсе айтып, көп нәрсе үйрететін маған. Біз үнсіз түсінісетінбіз.
– «Әке – балаға сыншы» дейді. Кинодағы рөлдеріңізді экраннан көрген кезде ол кісі қалай бағалаушы еді? Әке ретінде ме, әлде кәсіби сыншы ретінде қарайтын ба еді? Жалпы, әкеңіздің сынын қалай қабылдайтын едіңіз?
– Ол кісінің бағасы, нұсқаған бағыты, айтқан ақылы мен үшін әрдайым темірқазық болатын. Соған қарап, кемшіліктеріммен жұмыс істеп, сәтті шыққан жұмыстарымды сараптап, үнемі қорытынды жасап жүретінмін. Солардың ішінде, әсіресе, «Анаға апарар жол» фильмінде басқалардың пікірінен бұрын, ең әуелі әкемнің бағасы маңызды болды. Өйткені кастингке қатысқанымнан бастап әкем мен үшін үлкен жанашыр, жанкүйер болды. Бірақ фильмнің премьерасы өткен күні мен ауруханаға түсіп қалып, қатыса алмадым. Емханада жатып «көрсетілім аяқталды-ау» деген уақытты тағатсыздана күттім. «Көрермен қалай қабылдады екен?» деген қорқыныш пен қобалжу да бар ішімде. Бір уақытта әкем хабарласты: «Алтынай, бәрі жақсы болды. Құттықтаймын!» деді қуанышы қойнына сыймай. Үнінен мақтаныш лебін сездім. Міне, осы бір ауыз лебіз мен үшін ең жоғары баға болды. Жалпы, әкем жақсы маман ғана емес, керемет адам еді. Оны бүгінде көзін көрген достары, замандастары, әріптестері жиі еске алып айтып отырады. Мен де әкемнің барлық ісімен мақтанамын.
– «Анаға апарар жолға» қалай келдіңіз? Үлкен рөл. Қобалжу болмады ма?
– Әлбетте. Қобалжыдым. Өйткені бұл менің фильмографиямдағы алғашқы басты рөл. «Анаға апарар жолға» дейін де көптеген кинода ойнадым ғой. Бірақ бұл фильмнің шығармашылық жолымдағы рөлі үлкен. Тіпті бұған дейін ойнаған рөлдерім осы фильмдегі Мәриям рөліне дайындық болды десем де болады. Театрдағы шығармашылық жолым 1997 жылы басталғанымен, киноға сәл кейінірек келдім ғой. Ал Ақан Сатаевпен тандеміміз «Жаужүрек мың бала» фильмінен басталған. Онда Сартайдың анасын ойнадым. Кейін араға тағы біршама уақыт салып «Анаға апарар жолға» шақырту алдым. Кастингтен өткен соң бірден түсірілімге кірісіп кеттік. Сол кезде мен режиссердің қолдауын сезіндім. Үнемі ақылдасып, үндесіп жұмыс істедік. Ақан аға да бұл фильмге үлкен дайындықпен келді. Өйткені әкесі мен шешесінен қатар айырылып, көңілі жабырқап жүрген режиссер осылайша өнер арқылы ата-анасына ескерткіш қойғысы келіпті. Оны түсірілім барысында өзі ерекше толқып айтып берді: «Әкем мен анамның көзі тірісінде «Жаужүрек мың баладан» басқа ауқымды жұмысымды көрсете алмадым, үлгермедім. Бұл фильмді ата-анамның рухына арнағым келеді» деп еді сонда. Жалпы, «Анаға апарар жол» фильмінің түсірілімі шынымен ерекше өткен секілді. Әр адамға ата-анасы қымбат қой. Сондықтан болар, кино түсіріліміне қатысқан барлық шығармашылық топтың бұл фильмге деген құрметі ерекше сезіліп тұрды. «Анаға апарар жолдың» басты табысының кілті осында шығар, бәлкім.
– Ал театрда ше? Қандай жанрдағы қойылымда ойнау табиғатыңызға жақын?
– Рас, кинода негізінен ана бейнесін көп ойнасам, театрдағы рөлдерімнің жанры да, амплуасы да сан алуан. Мен жанр таңдап, талғайтын актрисалардың қатарынан емеспін. «Мына рөл табиғатыма жақын немесе мына бейнеге болмысым мүлдем кереғар екен» деп ойланып отырмаймын. «Балуанға оң-солы бір» дейді ғой. Сол сияқты жақсы актриса да рөл таңдасын, бірақ жанр таңдамауы керек деп ойлаймын. Қай жанрға салса да өзін еркін сезініп, жарқырай көріне алатын актриса – нағыз актриса. Ол ең әуелі өзі үшін қызықты ғой. Сондықтан мен эксперименттен қорықпаймын. Керісінше, ізденетін, ауқымы кең рөлдер болса, қуана қабылдаймын. Рахаттанып ойнаймын. Менің рөлдерім кіл комедия немесе біріңғай трагедия, драма деп бөлінбейді. Маған барлығында ойнау қызық. Десе де, табиғатыма лирикалық қойылымдар өте жақын. Ондай спектакльдерде ойнаудан жаныма ерекше рухани ләззат аламын.
– Актерлік өнеріңізді кейде өмірдегі түрлі жағдайларда пайдаланып, тығырықтан шыққан кездеріңіз болды ма?
– Жоқ. Ондай жағдай ешқашан болмапты. Жалпы, мен әу бастан-ақ жеке өмірім мен өнердің аражігін ажыратып, шекарасын белгілеп қойғанмын. Оған бала күнімнен бойыма сіңіріп өскен ата-анамның ақылы да әсер еткен болар. Сондықтан театр – мен үшін тек жұмыс орным, рухани қуаныш сыйлайтын киелі мекен. Ал өмірім жеке адам ретіндегі бақытты сәттеріммен, ата-ана, отбасы, бала-шағамның амандығы, қуанышымен өлшенеді. Менің басты тірегім – отбасым. Оны неге айтып отырмын? Өйткені көпшілік әріптестерім: «Театр – менің өмірім» деп жатады. Сол арқылы өнердің, сахнаның маңызын ұғындырғысы келетін де шығар, бәлкім. Рас, әртістердің барлығы театрмен өмір сүреді. Бірақ тек қана театрға байланып, өзге ештеңені көрмей қалу адамды бақытты ете алмайды. Адамның толық бақытқа қол жеткізуі үшін жеке өмірі, отбасы, өзге де қызығушылықтары болуы керек. Жастық шақта буырқанған шығармашылық тіршілік, ізденіспен көп нәрсе білінбеуі мүмкін. Алайда өнер заңы қатал ғой. Жас ұлғайған сайын сахнадағы рөлдерің азайып, орныңды жас актриса, актерлер басқанда, адам дағдарысқа түсіп, өмірдің мәнін жоғалтып алуы мүмкін. Сондай сәтте адамды өзінің жеке өмірі, қызығушылықтары алып шығады. Міне, осындай нәрселер болмауы үшін, меніңше, адам ең әуелі өзінің бақытты жеке өмірін қалыптастыруға мән бергені, өнер мен өмірдің аражігін ажыратып алғаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, адам үнемі қызығушылықта, өзін жетілдіріп, дамытуда жүруі керек қой. Егер ол болмаса, өміріңнің де, жұмысыңның да ешқандай мағынасы болмай қалады.
– Қандай арманыңыз бар?
– Адамда арман таусылған ба?! Шығармашылық адамы болғаннан кейін көп армандаймыз. Оның көпшілігі, әрине, өнермен байланысты. Алда тағы да жақсы киноларға түссем деген арманым бар. Одан кейін тәжірибе ретінде шетелдік мықты режиссерлермен жұмыс істеп көргім келеді. Осыған дейінгі жұмыс тәжірибемде тек ресейлік режиссерлермен шығармашылық байланыста болған екенмін. Болашақта француз киноларында бақ сынап көруді армандаймын. Ондай фильмдердің өзіндік қолтаңбасы, стилі бар. Актердің өзін, ішкі органикасын толықтай ашып көрсетуге тамаша мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қалай десек те, француз кино мектебі – ұлы мектеп қой. Ал енді басты арманыма келсем – ол, әрине, ең әуелі еліміздің амандығы, тыныштығы, отбасы мен ата-анамыздың бақыты, қуанышы.
– Қазіргі қазақ театры дегенде ойыңызға не оралады?
– Театрға ең керек нәрсе тіл деп ойлаймын. Бүгінде қазақ сахнасында классикалық үн жоғалып бара жатқан сияқты көрінеді. Ұлттық қоңыр үніміз ассимиляцияға түсіп, табиғатымыздан тым алшақтап кеткендей әсер береді. Рас, біз Ресейдің театр мектебіне қызығамыз, олардан үйренеріміз өте көп. Ол дұрыс та шығар. Бірақ дегенмен, ұлттық мектебімізді қалыптастырмай қазақ өнерінің келешегін елестету қиындау. Ұлттық мектеп ең әуелі төл ауыз әдебиетімізден басталса керек. Мәселен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыған кезде ұстаздарымыз бізге ең әуелі ауыз әдебиетін оқытатын. Сонымен ауыздандық. Қазіргі театрға қадам басқан жастардың сөз саптауын, сахналық сөйлеу мәнерін, үнін тыңдап мен аздап тосырқаймын. Дұрысы, қарным ашады деуге болатын шығар. Ұлттық үніміз жоғалып бара жатқан секілді көрінеді. Мен жалпы сахна тілінің сондай бір жақсы мектебі болса екен деп армандаймын. Өзім де соған үлесімді қосқым келеді. Өйткені қалай десек те, ұлттың да, өнердің де жаны – тіл. Осыны ұмытпасақ екен.
– Актриса ретінде бүгінгі көрерменге көңіліңіз тола ма?
– Бес саусақтың да бірдей еместігі секілді, көрерменнің сапасы да, деңгейі де әртүрлі ғой. Арасында ойлы көрермен де, өнерді жеңіл қабылдайтын да көрермен бар. Бірақ қалай болса да, театр ешуақытта көрерменнің деңгейіне түспеуі тиіс. Керісінше, сахна – көрерменге ой салып, талғамын қалыптастыру, көркем ойлауға жетелеуі қажет деп ойлаймын. Сонда ғана өнердің басты миссиясының орындалғаны.
– Әдетте сахна сыртында немесе қойылым үстінде актерлер түрлі қызықты жайттарға тап болып жатады. Есіңізде қалған сондай бір ерекше жағдай бар ма?
– Қызықты жайттар өте көп. Есімде ерекше сақталған сондай жағдайдың бірі мен оқу бітіріп, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа қабылданған кезде болды. Театрға келе сала бірден режиссер Жақып Омаровтың режиссерлігімен қойылған Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектаклінің көпшілік сахнасына кіріп кеттім. Толғанай рөлін театрымыздың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова ойнайды. Ләззат деген әріптесім екеуміз эпизодтық рөлдеміз. Ұлынан қаралы қағаз келіп, Толғанай – Рымкеш апаның перзентін жоқтап жылайтын сахнасы бар. Зарлы музыка ойнайтын тұста Ләззат екеуміз Толғанайды екі қолынан демеп, сахна сыртына алып кетуіміз керек. Бізге жүктелген басты міндет сол. Бірақ үлкен сахнаға алғаш шығып тұрғаннан кейін қатты толқыдым. Күні бойы дайындалдым. Шамасы, қатты дайындалып қойсам керек, сахнаға шығып, музыка ойнаған кезде ұлын жоқтаған ананы қолтығынан демеп көтерейін десем, Рымкеш апа орнынан тұрмайды. Әлі ойыны аяқталмаған екен деп түйіп, аздап кідіріс жасадық та, екінші мәрте көтеруге талпынып көрдік. Бұл жолы да әрекетіміз нәтижесіз. Содан амал жоқ, сахнада ұзақ тұра беруге болмайды, үшінші рет қаттырақ көтердік. Сөйтсем, отырған кезде жерге төгіле кеткен Рымкеш апаның ұзын бұрымын басып қалыппын. Көтерейін десек, шашы жұлынып, жаны шығардай болған апамыз зарлы музыка әуенмен бірге ұлының қазасы бір, жұлынған шашы жанын екі сырқыратып, қолтығынан демеген әріптесім екеумізге кезек қарап, Ләззатқа «Қасыыыым» десе, мен жаққа қарап «шашыыыым» деп жылап отыр. Мән-жайды түсіне салысымен, орнымнан атып тұрып, апамызды сахнаның сыртына жетелеп алып шықтық. Содан спектакль аяқталғанша жанымды қоярға жер таппай қорқып жүрдім. Соңында әйтеуір батылдық жинап, Рымкеш апайдан кешірім сұрадым. Апай екеуміз бір-бірімізді көрсек әлі күнге дейін осы жағдайды еске алып, күліп жүреміз.
– Театр мен кино әлемінде Ана бейнесін кемеліне келтіре кейіптеген еңбегіңіз, шынайылығыңыз бен шеберлігіңіз мамандар тарапынан аса жоғары бағаланып жүр. Ал өмірде қандай анасыз?
– Білесіз бе, мен театр мен кинода қандай анамын, өмірде де дәл сондай жақсы ана болғым келеді. Соған тырысамын. Шүкір, балаларым жақсы. Бізді қатты сыйлайды. Қас-қабағымызға қарайды. Ренжіткісі келмейді. Және ең бастысы барлығы менімен сырласады. Бала тәрбиесіндегі ең ұтымды, нәтижелі тәсіл сырласу деп ойлаймын. Өйткені мен де бала күнімде ата-анаммен, оның ішінде әсіресе әкеммен сырлас болдым. Барлық ойымды ірікпей айтып, еркін сырласатынбыз. Әкем маған ақылын айтып, үнемі қолдап отыратын. Бір сөзбен айтқанда, әкем мен үшін бағыт түзер алып бағдаршам болды десем, титтей де артық айтқандығым емес. Ол кісінің өмірлік ұстанымы болсын, жұмысқа деген ықыласы болсын, барлығы маған сабақ, үлгі болды. Кейін тұрмысқа шығып, ана болып, үлкен бір әулеттің келіні атанғаннан кейін, өмірдің заңдылығы шығар, анаммен көп сырласатын болдым. Бүгінде менен «Өмірде қандай анасыз?» деп сұраса, ең әуелі көз алдыма әкемді елестетемін. Әкем маған қандай жақсы тәлімгер болса, мен балаларым үшін сондай жақсы ана болғым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»