• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Сәуір, 2020

Мұнай дағдарысы: экономикадағы пандемиялық дауыл

399 рет
көрсетілді

Әлемді коронавирус жаулағанымен қатар мұнай бағасының құлдырағаны жығылғанға жұдырық болып отыр. Бұл әсіресе экономикасы шикізатқа тәуелді елдерге қиын тиюде. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Нарықтағы тектоникалық өзгерістер төл валю­та­мыздың әлсіреуіне алып келді. Құбыл­малы жағдайда Ұлттық банкке база­лық мөлшерлемені көтеруге тура келді. Осылайша, пандемия дауылына байланысты дүние жүзімен қатар, Қазақстан да қауырт режімге көшті деуге болады.

Қарсы тұру тәсілдері

Бұрын-соңды болмаған жағдаймен бетпе-бет келген Қазақстан да жаһан елдерінен қалыспай шұғыл əрекеттерді қолға алды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдай мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шаралары дер кезінде қабылданды. Мемлекет басшысы осының алдында да дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялаған еді. Десе де ахуалдың күрт өзгергені ескеріліп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Нақты айтқанда, инфляцияның артуына байланыс­ты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялау тапсырылды. Осыған орай азаматтардың табысын арттыру үшін 200 млрд теңгеден аса қаражат бөлу қарастырылып отыр.

Екіншіден, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөл­шерінде қолдау көрсетіледі. Бұл көмек­ті алатын азаматтардың санаты да кеңей­­тілмек. 42 мың теңге көлеміндегі қаражат тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандармен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарға да берілмек.

Төтенше жағдай енгізілгендіктен, отандық кəсіпкерлердің жұмысы уақыт­ша тоқтатылғаны белгілі. Сол себепті іскерлік орта қосымша қолдауға мұқтаж. Əсіресе бұл жұмыс орындарын сақтау мен жалақыны төлеуде аса маңызды. Сондықтан ең көп зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады. Мұндай мүмкіндік қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да кəсіп иелеріне беріліп отыр. Олардың нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет жағдайда то­лық­тырып отырады.

– Президенттің мəлімдемесі кəсіп­керлерге үміт ұялатты. Өйткені, каран­­тиннің алғашқы күнінен бастап би­з­нес шығынға ұшырай бастады. 6 ай­ға салықтық жүктемеден босаты­лу сөз­сіз əжептəуір қолдау. Себебі біз­дің кəсіп­орын халық көп тұтына­тын өнім­дер­ді шыға­рады. Қызметкер­лері­міз­ді жалақы сақтал­майтын демалысқа жіберуге мəжбүр болдық, – дейді қара­ғандылық кəсіпкер Галина Паршина.

Сол секілді Үкімет маңызды импорт тауарларына салынатын баж салы­ғын алып тастау мәселесіне қатыс­ты Еуразия экономикалық одағы ел­дерімен жұмыс жүргізуде. Президент Қ.Тоқаев жеке қорғаныш құралдары, өндіріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жабдықтар жөнінде тиісті шешім қабылданғанын, сондай-ақ Қазақстанда жеткіліксіз азық-түлік тауар­ларына салынатын импорттық баж салы­ғын төмендету бойынша шаруа­лар да жалға­сып жатқанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы ұсынған қол­дау пакеті əсіресе шағын кəсіпкерлік субъектілері үшін маңызды. Қолдауға мұқтаж кəсіпорындар елімізде аз емес. «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы олардың қордаланған мəселелерін жүйелеп, тиімді шешім əзірлеуге көмек­тесуге дайын. Осы жағдайдан шығу үшін экономистердің, заңгерлердің, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдауға əзір­міз. Себебі қазір ірі бизнес те шат­қаяқ­тап тұр. Оның ішінде өңдеуші өнеркəсіп секторын атауға болады. Елімізде орта жəне ірі бизнесте 3 миллиондай отандасымыз еңбек етеді. Сон­­дық­тан бұл мəселеге жіті көңіл бөлу қажет, – деді «Атамекен» ҰКП басқар­ма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру үшін əкімдіктер және Үкі­мет («Мемлекеттік азық-түлік кор­по­рациясы» арқылы) отандық агро және қайта өңдеу кәсіпорындарынан ке­мін­де 6 ай бұрын өнім сатып алудың кепіл­ді жүйесін жолға қоюға тиіс деген тап­сыр­ма жүктеді Президент. Бұл «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойын­­ша сатып алу» тетігі енгізілетінін аңғар­тса керек. Əйтсе де Мемлекет бас­шысы айтқандай, бизнес өкілдері өнді­ріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты ба­ғаны ұстап тұру, жұмыспен қамту және өзіне жүктелген басқа да міндеттерді жауапкер­шілікпен орындауға тиіс.

Текетірескен елдер ымыраға келе ме?

1 сəуірдегі жағдай бойынша, эталонды шикізат маркілерінің арзандауы жалғасты. Дəлірек айтсақ, ICE Futures Лондон биржасында Brent мұнайы фьючерсінің бағасы барреліне 22,70 долларды құрады. Бұл алдыңғы сессиядағы бағамен салыстырғанда 0,6 (0,26%) долларға төмен. Осыған дейін оның құны 4%-ға жоғарылаған еді. Дегенмен, Нью-Йорк сауда биржасында (NYMEX) WTI мұнайы 0,51 долларға қымбаттап, баррелі 20,60 долларға саудалануда.

Bloomberg агенттігі Сауд Арабиясы нарықтағы шытырман ойынын қоймаса, Парсы шығанағындағы елдер үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін деп жазады. Сарапшы Дэвид Фиклингтің айтуынша, қара алтынның баррелі 20 долларға саудалануы жалғасса, 2027 жылға қарай саудиттер барлық табысынан қағылады. Бұл мұнай нарығындағы сауда соғысы онсыз да экономикасы тұрақ­сыз Парсы шығанағындағы елдерді тоқы­­рауға жақындата түседі. Неге десе­­ңіз, Сауд Арабиясының халықаралық қорла­рын­дағы табысы таусылуға жақын. Мұн­дай болжамға Bloomberg сарапшысы Халық­аралық валюта қорының 2019 жылдағы мəліметтерін зерттеген соң келген.

Сондай-ақ оның пікірінше, егер мұнай бағасы барреліне 50-55 доллар шамасында болса да, 2024 жылы қордағы ақшаның азаюы импорт шығысының бес айлық көрсеткішіне тең болады. 

Əлемдік мұнай бағасының құлды­рауы ОПЕК-ке мүше елдердің өзара келіспеушілігінен орын алған-ды. Атап айтқанда, ОПЕК+ келісімінің негізгі қатысушылары Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясы мұнай өндіруді қысқартуға байланысты ортақ шешімге келе алмай, ақыры нарықта көмірсутек шикізатының профициті байқалды.

Экономикалық шиеленіске жауапты қос тарап бір-бірін айыптауда. Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин Ресей ОПЕК+ келісімінің талаптарын бұзбақ түгілі, одан шығуға мүдделі болмағанын алға тартты. Ресей үкіметі басшысының айтуынша, ресми Мəскеу келісімді екінші тоқсанның соңына дейін немесе жыл аяғына дейін созуға ұсыныс білдірген. Осы орайда 1 сəуірден бастап мұнай өндіруші елдер үшін шикізат өндірісін қысқартуға байланыс­ты міндеттеме тоқтатылатынын айта кетейік. Осы өзгерістер наурыз айында мұнай бағасының 30%-ға төмендеуіне əкеліп соқты.

State Oil Marketing Organization (SOMO) Ирактың мемлекеттік мұнай компаниясы сəуірде мұнай экспортының көлемін ұлғайтуды көздеп отырғанын мəлімдеді. Артынша ОПЕК-тің тағы бір алыбы Кувейт Азиядағы тұтынушылары үшін мұнай баррелін 6 долларға дейін арзандатты.

Біріккен Араб Әмірліктерінің ADNOC мұнай компаниясы да шикізат өндірісінің көлемін тəулігіне 1 млн баррельге дейін арттырмақ ниетте. Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Саудия билігінің өкіліне сілтеме жасай отырып, бағаны төмендетудегі басты мақсат – «нарықтағы ресейліктердің əлеуетін əлсірету» деп жазған болатын. Алайда, ресми Эр-Рияд ресейліктерді нарықтағы басты серіктерінің бірі санайды. Saudi Aramco компаниясының басшысы Амин Насер мұнай өндірудің динамикасын тəулігіне 25%-ға, яғни 12,3 млн баррельге дейін арттыруды жоспарлауда.