Облыс орталығындағы «Тыныс» зауыты төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарын сақтап отыр. Кәсіпорында 750 жұмысшы екі ауысымда қызмет етеді. Жуырда тағы 100-ге жуық адам жұмысқа орналасты.
«Тыныс» кәсіпорны жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті бірінші кезекке қойылып отыр. Қазіргі тапсырыстың басым көпшілігі әлемдік пандемияға қажетті құрал-жабдықтар.
–Қазіргі басты міндет төрткүл дүниені теңселтіп тұрған жаман аурумен жағаласу. Жағаласу ғана емес, жеңіп шығу. Жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағдайын, індетпен күресудің амалдарын жасап жатырмыз. Біздің кәсіпорында қаладағы ғимараттарды, көліктерді залалсыздандыратын жылжымалы қондырғылар дайындалады. Әзірге оның 500 данасын тұтынушыларға тапсырдық. Бұрын бұл қондырғы кәсіпорынның негізгі өнімі болмағандықтан, жылына 20-30-ын ғана дайындаушы едік, енді айына елуден астамын дайындауға көштік. Оның 17-сін жергілікті әкімшілік арқылы біздің туберкулезге қарсы күрес диспансері алды,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Қалманбаев.
Аппаратты құрастыратын бөлшектер Ресейден алынады. Қазіргі жағдайға байланысты бұл жұмыс біраз іркіліп қалған. Әйтсе де, министрлік деңгейінде бұл мәселе шешіліп жатыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 850-ден астам адам еңбек етеді. Дайын өнімге деген сұраныс күннен-күнге артуда. Зауыттың инженер-конструкторлары жұмысшылардың денсаулығын қорғау мақсатында тағы бір жаңа қондырғы ойлап тауыпты.
–Сырттан келетін жұмысшыларды дезинфекциялауға арналған құрылғы. Ерітіндінің құрамында 60-70 процент спирт бар. Мұндай құрылғылар Қытай, Түркия зауыттарында жасалады екен. аса қажет осы құрылғыны біз де жасай аламыз,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамы энерго-механикалық қызметінің бастығы Қанат Ақылбеков.
Қазіргі уақытта зауытта медициналық маскалар тігу ісі де қолға алынған. Отандық электр қозғалтқышты мүгедектер арбасы да осы зауытта құрастырылады.
Көкшетау қаласы