• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2013

Қызылордада «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ашылды

601 рет
көрсетілді

Кеше Қызылорда қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» ашылу салтанаты болып өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.

Еске салайық, еліміздегі мұндай бірінші мектеп 2009 жылы Астана қаласында пайдалануға берілген болатын. Содан бергі 4 жылда осындай республиканың 11 қаласында 13 мектеп ашылды. Қызылордада реттік саны бойынша солардың 14-шісі қатарға қосылды. Ал алдағы жылдары дарынды балаларға арналған мұндай білім ордалары Алматы (екінші), Петропавл, Қостанай, Атырау және Ақтау қалаларында пайдалануға берілмекші.

Қызылордадағы зияткерлік мектептің 7-11 сыныптарында 2013-2014 оқу жылында 533 дарынды бала оқитын болады. Оқу орнында арнайы іріктеуден өткен 90 жоғары білікті мұғалім сабақ береді.

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жиналғандарды Конституция және Білім күндерімен құттықтады. Ол өз сөзінде оқу орнына облыстық әкімдік барлық қамқорлықты жасайтынын атап өтті. «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» төрайымы Күләш Шаймерденова өздеріне жүктеліп отырған міндеттердің деңгейінен табылатындарын айтты.

Ал құрылысты жүргізген «Ақ Орда» құрылыс компаниясының басшысы мектеп директорына жаңа ғимараттың нышандық кілтін табыс етті. Шара соңы дәстүрлі «Алғашқы қоңыраумен» аяқталды.

Мұрат Айтқожа.