• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2013

Америкада өлген адам 45 минуттан кейін тірілді

457 рет
көрсетілді

АҚШ-та 37 жастағы автомеханик жүрегі тоқтап, дәрігерлер өлім фактісін тіркеп қойғаннан кейін 45 минут өткенде, қайта тіріліп кетті. Тәжірибелі дәрігерлер болған оқиғаға қатты қайран қалды. Бұл туралы АВС телеарнасы хабарлады.

Инцидент тамыздың басында орын алған. Алайда, ол туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарына енді ғана берілген. Сол кезде Огайо штатында тұратын Тони Йал есімді автомеханик ауруханаға ес-түссіз халде жеткізіледі.

Соның алдында ғана әйелі Мелисса ұйықтап жатқан күйеуінің өзгеше дыбыс шығаратынын аңғарған. Әйел бірнеше рет оны оятпақшы болыпты. Бірақ оята ол ояна қоймаған. Сосын ол күйеуіне жасанды дем жіберіп, жедел жәрдем шақыртқан.

Дәрігерлер келе сала Йалды тексере бастағанда, оның жүрегі кенет тоқтап қалады. Бірақ дефибрилляторды қосып, бірнеше рет оны тірілтіп алуға әрекет жасаған соң Тони қайтадан өмірге оралған. Ал клиникаға жеткізілгесін механиктің жағдайы нашарлап кетеді. Дәрігерлер тағы да аппараттың көмегімен оны тірілтіп алуға талаптанады. Алайда, бұл жолы манағы сәттілік қайталана қоймайды. Сосын оларға өлім дерегін тіркегеннен басқа амал қалмайды.

Сөйтіп, медиктер пациентті өлді деп табады. Олар денені мәйітханаға жіберуге дайындай бастайды. Соңынан марқұммен қоштасулары үшін палатаға оның жақындарын кіргізеді. Сол кезде механиктің ұлы Лоренс: «Папа, сен бүгін өлмейсің!» айқайлайды. Кенет құдды бір сол сөзді күтіп жатқандай, ер кісі қозғалып, өзінің тірі екенінен хабар бере бастайды. Тонидің жүрегі осылай қайта соғып кетеді. Бұл оның өлген уақыты белгіленгеннен кейін 45 минуттан соң орын алады.

«Мен мұны ғажап нәрсе деп есептеймін. Себебі, мұндайды бұрын ешқашан кездестірген емеспін», - деп мойындайды кардиолог Раджа Назир сосын. Оның айтуынша, 20 жылдық еңбек өтілінде өлген адамның бұлайша тіріліп кету фактісі болмапты.

Медиктер қазір қалайша мұндай ғажайыптың орын алғанын түсіндіріп бере алатын емес. Соңынан олар Йалдың жүрегін жан-жақты тексеріп шығып, одан ешқандай ақау мен дерт таппайды.

Арада бірнеше күн өткесін автомеханик ауруханадан шығып, үйіне оралады. Бірақ өзі басынан кешкен оқиғаларының бірін де білмейтін болып шықты. Оның есінде ең соңғы қалғандары тек 4 тамыз күні түнде ұйықтауға жатқаны ғана болыпты.

Мұрат Айтқожа.