Көшпенділік көнеден келе жатқан ата дәстүріміз, баба бағытымыз десек қателеспеспіз. Жанға жайлы жайлау, малға жайлы қыстау, көңілге қонымды көктеу, күтімі жақсы күзеуге орналасу – мал баққан қазақтың маңызды шаруасының бірі еді.
Әлі де солай. Аттың жалы, атанның қомында күн кешкен халқымыздың көшпенділік мәдениеті де заман заңына сәйкес, жаһандануға ілесіп жаңғырғанын жасыра алмаспыз. Тамыры терең, тағылымы мол тарихи ғұрпымыздың ежелгі бейнесін ескіртпей, жолын жоғалтпай сақтап келе жатқан аймақтарды айтпай кетуге болмас. Мысалға, Қытай мен Моңғолия қазақтарында көшпенділік әлі күнге бар. Оны көзімізбен де көргенбіз.
Қалай десек те, кіндігіңді кесіп, кіріңді жуған кіршіксіз мекеннен жыраққа жылжу жүрегі тас пенденің де жүзінен бір тамшы жасты үзбей қоймайтыны анық. Қимастық пен сыйластық, ауылдас пен бауырлас екі жақтан қысқанда еріксіз ет жүрегің елжірейтіні тағы бар. Отаның бір болса да, отауың бөлек болғасын көшіп барған жерің көңілге бірден жағуы екі талай. Бөтен аймақ, бөгде адам, бөлек ауыл. Құшақ ашып құрметтейтіндер де болады, сырттан келді деп сынай қарайтындар да табылады. Ал біздің кейіпкеріміз қазақтықтың қаймағы, Сүйінбай мен Жамбылдың аймағы Жетісудан желіп, Алатаудан асып, Арқадан аттап, соқпағын Солтүстік Қазақстанға салып, Тайыншаға табан тіреген екен.
Жақында жол түсіп аталған ауылға атбасын бұрған едік. Кейіпкеріміз Серік Толықбай ағамыздың дастарқанынан дәм таттық. Ауылдың ауасын жұтып, құрметін көрдік. Аз-кем әңгімеге тарттық.
«Мен отбасыммен 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудардым. Жасыратыны жоқ, алғашқыда жүрексіндік. Ол жақтағы жұрт қалай қабылдайды екен деген үміт пен күдіктің арасында арпалысқан сәттер де болды. Дегенмен түп-тамыры қазақтың қарашаңырағы болған соң, атауы орысша болса да, отауы қазақтікі болған соң тәуекел деп Петропавл өңіріне қарай атбасын бұрдық. Ол кезде оншақты қой, санаулы сиырымыз бар еді. Бұл жаққа келген күннен бастап мал шаруашылығына мән беріп, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алып, тұрмысымызды тұрақтандырдық. Қазіргі уақытта қойымыз да төлдеп, сиырымыз да көбейіп, тіршілігімізге сән бере бастады. Қоныс тепкен жеріміз ауылдық аймақ болған соң малсыз күн көру мүмкін емес. Оның үстіне бұл жақта сүт өткіземін десең арнайы көлікпен ауладан келіп сүт алып кететіні тағы бар. Менің бір түсінгенім, мал санын көбейтіп, артылғанын сатып, сүтін өткізіп ауылдық жерде де ауқатты өмір сүруге болады. Бүгінгі жағдайыма шүкіршілік етемін және осы шағын шаруашылығым арқылы шетелге де демалып қайтқанымды айтып кетсем деймін. Әр қазақ «Ауыл – ел бесігі» деген тәлімді тәмсілдің мәні мен маңызын терең түсінсе екен», дейді Серік Толықбай.
Иә, «әрекетке берекет» деген осындайдан шыққан шығар, бәлкім. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп Серік ағамыз секілді еңбексүйгіш жандарға айтса керек. Қысы қарлы болғанымен, жазы жайлы Жаңадәуір ауылының адамдары кісілік пен кішіліктің бағасын білетін жандар екен. Тайынша төңірегіндегі ауылдардың ахуалын сұрағанымызда ауыл тұрғындары айналдырған 2-3 жылдың көлемінде оңтүстіктен солтүстікке келген көш қалың дейді.