«Өндіріс тоқтап тұр, ал жаңа клиенттер байқалмайды». Бұл отандық кəсіпкерерлердің жан-айқайы. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері, 13 мыңға жуық кəсіпкердің шаруасы туралап қалды. Карантиннің тауқыметін сезген іскер жандар «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасынан көмек сұрауға мəжбүр. Бұл туралы палатаның ресми сайтында хабарланды.
«Көмек сұраған 12,5 мың кәсіпкердің 60%-ы коронавируспен күрес және қызметті шектеу бойынша шаралар салдарын сезінді. «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, мемлекет бизнесті қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырып, көп кәсіпорын уақытша жабылды. Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша шараларды қабылдады. Мемлекеттік және қалалық биліктен мүлікті жалға алғандар төлемді 3 ай кейінге шегеру мүмкіндігін иеленді. Жалға берушілер мен жалға алушылар арасындағы қарым-қатынас азаматтық-құқықтық қатынасқа жататындықтан ол Азаматтық кодекстің «Мiндеттеменiң бұзылғандығы үшiн жауапкершiлiк негiздерi» 359-бабымен реттелетінін айта кетейік. Палатаның өңірлік өкілдері коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу бойынша дауларды медиациялық жолмен шешуге кірісті. Мамандар нысандары карантинге жабылған 484 орынжай иесімен байланысқа шығып, оларға 15 мың жалға алушы хабарласқанын анықтады. Әзірге 48%-ы (236 нысан) жеңілдік жасауға дайын және түрлі шарт негізінде келісім жасауда. Алматыда кәсіпкерлердің бір бөлігі төлемді коммуналдық қызмет және күзет қызметіне ғана алуға келісті. Қостанайда жалға берушілер жалға алу құнын және маркетингтік төлемдерді қарызды кейінге қалдырмай тоқтатты. Атырау облысы және Шығыс Қазақстан облысының жалға алушылары жекелеген негізде объектілердің иелерімен соманы азайту немесе жалдау мерзімін кейінге қалдыру туралы келісе алады. Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жалға берушілері жалға беру келісімшартында қарастырлған айыппұлдық санкцияларды алып тастауға және жұмыс кестесі бойынша жалға алу құнын қайта есептеуге келісті. Сондай-ақ өңірге қарай кәсіпкерлерде 20-50% көлемінде жеңілдік алуға мүмкіндік бар»,- делінген жарияланған ақпаратта.
Сауалдама нәтижесі көрсеткендей, жалға берушілер мемлекет тарапынан коммуналдық төлемдер мен қарыздарды кейінге шегеру, сол секілді 2020 жылы корпоративті табыс салығынан босату бойынша қолдау көрсетілсе, жеңілдік жасауға дайын екендерін білдірткен. Көптеген нысан жарияланған мүлік салығын төлеуден босатылмапты. Өйткені, олар ірі сауда нысаны (ауданы 2000 шаршы метрден кем), сауда ойын-сауық орталығы немесе көрме орындарына жатпайды. Жалға берушілер кәсіпкерлерге жеңілдік беруге неге құлықсыз? Осы орайда «Атамекен» ҰКП Үкіметке жалға берушілерді 2020 жылғы мүлік салығынан босатуды немесе нысан иелері кәсіпкерлерді төлемнен босатса оларға коммуналдық төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігін беруді ұсынды.
«Президент жəне Үкімет қолдаудың алғашқы пакетін шағын және орта бизнеске бағыттады. Алайда «Атамекенге» басқа да салаларда қиын жағдай туралы өтінімдер түсуде. Бірінші кезекте бұл өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс, логистика, сондай-ақ қызмет көрсету және туризм саласындағы ірі бизнес те қолдаусыз қалып отыр. Ұлттық палата кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін жинақтап, басқа салалардағы кәсіпкерлерден сауалдама сұрақтарына жауап беруді сұрайды»,- деп түйінделді.