Ресей президенті Владимир Путин жаһандық энергетика нарығы жөніндегі жиында ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мұнай өндірудің күнделікті көлемін 10 миллион баррелге дейін азайту керек деп мәлімдеді.
Кремль басшысы «қара алтын» құнының құлдырауы экономикаға кері әсер ететінін тілге тиек етіп, өндіріс көлемін азайту үшін әріптестік қажеттігін сөз етті.
Путиннің сөзіне қарағанда, мұнайдың арзандауына екі нәрсе әсер етіп отыр. Біріншісі – коронавирустың пандемиясы. Екіншісі – Сауд Арабиясының әрекеті.
«Бағаның құлауының екінші себебі – ОПЕК+ келісімінен Сауд Арабиясының шығып, өндіріс көлемін ұлғайтып, әріптестеріне жеңілдікпен мұнай сатуға әзір екенін хабарлауы», деді Ресей президенті.
Айта кетерлігі, «қара алтынның» құны коронавирустың пандемиялық сипат ала бастауынан түсе бастаған. Алайда ОПЕК-тің кезекті отырысында Ресей мен ұйымға мүше мемлекеттердің келісімге келе алмауынан мұнайдың бағасы күрт құлдырады.