• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2020

CDC: Қазақстанда вирустың таралуы баяу

2951 рет
көрсетілді

АҚШ коронавируспен күрес барысында Орталық Азияға қандай көмек көрсетеді? Өңір елдерінің қатерлі дертке әзірліктері қалай? Осы және өзгеде сұрақтарға АҚШ-тың Ауруды бақылау және таратпау орталығының (CDC) Орталық Азия бойынша офисінің директоры Даниэл Сингер мен USAID-тің Орталық Азиядағы денсаулық сақтау және білім офисінің директоры Джошуа Карнс онлайн брифинг барысында жауап берді.

Доктор Д.Сингердің айтуынша, АҚШ тарапы коронавирус былтыр желтоқсанда Қытайда алғаш тіркелгеннен бері Орталық Азия елдерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді.

«Қазақстандағы жедел қызмет орталығына қолдау көрсетіп келеміз. Алдағы уақытта аймақтағы басқа елдерде де осындай мекеме ашу жоспарда бар. Қазақстандағы жедел қызмет орталығы – коронавирусқа қарсы бүкіл әрекеттің хабына айналды. Оның директоры және тағы бір қызметкері CDC-тің қоғамдық денсаулықты жедел басқару бағдарламасы бойынша тәлім алды» деді Д.Сингер.

Доктордың сөзіне сүйенсек, кейінгі бірнеше жылда CDC тарапынан тағылымдамадан өткен эпидемиологтар бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы күрестің басы-қасында жүр. Осы орайда, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ұйымнан елдегі коронавирусқа қарсы әрекеттің деңгейін бағалауға ұсыныс білдірген екен. Соған сәйкес, CDC арнайы зерттеу жүргізіп, оны министрлік пен тиісті ведомстволарға тапсырған екен. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі аталған зерттеу туралы кеңірек айтып беруді сұраған.

«Министрлік тарапы бұған дейін бізден эпидемиология бойынша тағылымдамадан өткендер бірлесіп, Қазақстандағы поликлиникалар мен жұқпалы аурулар ауруханаларға сараптама жүргізуді сұрады. Екі-үш апта ішінде аталған денсаулық сақтау мекемелеріне барып, ондағы инфекциямен күресте қолданылатын құрал-жабдықтарды тексеріп, атқарылатын жұмыспен танысып қайттық» деді ол.

Д.Сингердің айтуынша, бұл сараптама Қазақстаннан коронавирус анықталғанға дейін жасалған. Қазіргі таңда орталық Covid-19 вирусына қарсы тұру мақсатында министрлікпен бірлесіп жұмыс істеуін жалғастыра бермек.

«CDC коронавируспен күресу үшін Орталық Азия елдеріне 5 миллион доллар бөлді. Мен қосымша қаражат қарастыруды сұрадым. Штабтың жауабын күтіп отырмыз. Әрине, АҚШ-тағы жағдай бізді де алаңдатады. Алайда мұндағы жұмысқа да ерекше көңіл бөлеміз» деді ол.

Сондай-ақ Ауруды бақылау және таратпау орталығының (CDC) Орталық Азия бойынша офисінің директоры елімізде коронавирусқа қарсы әрекетке, Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомство басшысы Елжан Біртановтың жұмысына жоғары баға берді.

«Қазіргі таңда Қазақстанда вирустың тарап келе жатқанына куә болып отырмыз. Әйтсе де, оның қарқыны баяу. Баса мән беретін бір фактор – екі еселену уақыты. Яғни, анықталған кейстердің екі есеге өсуіне дейін кететін уақыт. Өткен аптада бұл мерзім екі күннен төрт күнге дейін ұзарды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Көпшіліктің жиналуына, сыртқа шығуға тыйым салу осындай нәтиже көрсетіп отыр. Әрине, індеттің таралуына нақты баға беру барысында басқа да мәселелерге қараймыз. Алдағы уақытта бақылауды жалғастыра бермекпіз. Бірақ дәл қазір вирустың таралуы баяу деп айта аламын» дейді Д.Сингер.

Бұдан кейін сөз алған USAID-тің Орталық Азиядағы денсаулық сақтау және білім офисінің директоры Джошуа Карнс та Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің коронавируспен күресудегі әрекетін қолдайтынын жеткізді.

«Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрліктерінің індетпен күреске барын салғанына ырза болдым. Поштама, уатсапқа сағат сайын күн-түн демей хабарлама келіп түсіп жатты. Осындай талантты, алғыр жандармен бірге жұмыс істейтініме өте қуаныштымын» дейді Д.Кернс.

Офис директорының сөзіне қарағанда АҚШ Үкіметі, USAID және CDC коронавируспен күресуде басты алты бағыт ұстанған. Біріншісі, Covid-19 вирусын анықтау үшін әлем елдеріндегі зертханалар ауқымын кеңейту. Сондай-ақ науқаспен қатынаста болған адамдардың бәрін анықтау жұмысын күшейту.

Үшіншісі, вируспен бетпе-бет келетін қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлердің вирус жұқтырмауына жағдай жасауды көздейді.

Д.Кернстің айтуынша, ұйым Орталық Азияда коронавирус жұқтырған адамдарға да қолайлы жағдай жасап, тез жазылып шығуына ерекше мән берілмек. Бұдан бөлек, ұйым фейк ақпарат пен жалған жаңалықпен күресуге де ерекше көңіл бөлмек. Соңғы бағыт – шекарадан өтетін адамдарды тексеріп, вирус жұқтырып-жұқтырмағанын анықтауға басымдық беріледі.

«Covid-19 секілді вирус шекараға қарамайды. АҚШ-ты вирустан қорғасақ, Орталық Азияны да қорғаймыз. Орталық Азияны аман алып қалсақ, АҚШ-ты да сақтап қаламыз» деді Д.Кернс.

Онлайн брифинг соңында Орталық Азия мемлекеттерінің журналистері спикерлерге сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.