• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Сәуір, 2020

Коронавирус қақтығыстарды тоқтатуға қауқарсыз

449 рет
көрсетілді

Қытайдан басталған коронавирустың қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатуы, халықаралық қоғамдастықты індетпен бірлесіп күресуге үндейді. Алайда қатерлі дерттің шартарапқа тарағанына қарамастан, саяси бақталастық пен қарулы қақтығыс тоқтар емес.

Соңғы дерекке сүйенсек, әлемде Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны 1 млн-нан асып, қайтыс болғандар саны 70 мыңға жақындады. Әсіресе пан­демия АҚШ-қа оңай тиер емес. Ауыр­ғандар саны 180 мыңға жетіп, 13 мың адам бақиға аттанды. Әйтсе де коронавирустың қарқыны Ақ үйдің сая­­си ұстанымына селкеу түсірер емес.

Covid-19-дың зардабын тартып отыр­­ған тағы бір мемлекет – Иран. Пар­сылар елінде науқастар саны 45 мың­нан асты. Қайтыс болғандар да аз емес. Иранда күн сайын шама­мен 3 мыңдай тұрғынның вирус жұқ­тыр­ға­ны анықталады.

Бұл екі елдегі деректерді бекерге келтіріп отырғанымыз жоқ. АҚШ-тың Иранға түрлі санкция салғаны, оны өзінің басты жауы деп атап көрсеткені белгілі. Биылғы қаңтарда америкалық әскерилер дрон арқылы Иранның генералы Кассем Сулейманиді атып өлтіргені әлі ұмытылған жоқ. Адамзат көрінбейтін ортақ жауға қарсы келген шақта халықаралық қоғамдастық сая­си бақталастықты ұмытып, уақытша болса да мәмілеге келуге шақырған. Әсіресе экономикалық санкцияны тоқтата тұрудың маңызын да атап көрсетті.

Бірақ Дональд Трамптың әкім­ші­лігі үшін халықаралық қоғам­дас­тық­тың пікірі сөз күйінде ғана қалып тұр. Керісінше, Ақ үй Иран мен Вене­­­­суэла­ға қарсы шектеу шараларын одан са­йын күшейте түсті.

Мәселен, өткен аптада АҚШ Иран­ға қатысты жаңа санкция тізімін бе­кіт­ті. Онда Ислам революциясы кү­зет­шілер корпусына қатысы болуы мүм­кін компаниялар мен жеке тұл­ға­лар тізімі енген. АҚШ-тың Қазына қоры тізімге енген ирактық және иран­дық фирмаларды ИРКК-ның Құдс күштеріне көмектесіп, Тегеранның шетелде әскери іс-қимыл жасауына қолдау көрсетті деп есептейді. Деген­мен, бүкіл Америка бұл санкцияны қолдады деу артық болар. Конг­рес­тің бірнеше мүшесі Иранның ко­ро­­навирусқа қарсы күресуге қау­қа­ры жетпей жатқанын ескеріп, оны қабылдамауды ұсынған. Ресми Вашингтон мұны құлағына ілген жоқ.

Сондай-ақ АҚШ-тың әділет депар­та­менті Венесуэланың басшысы Николас Мадуро мен оның бірнеше серік­тесіне қарсы іс қозғап, есірткі тасы­малымен айналысты деп айыптады. Бас прокурор Уильям Барр бұл ше­шімнің саяси мәні бар екенін айта келе, латынамерикалық елдегі саяси режімнің ауысуын тездететінін мәлімдеді.

Кей сарапшылар Ақ үйдің бұл қадамын «жығылғанға жұдырық» деп есептейтінін жеткізді. Мәселен, мем­лекеттік департаменттің бұрынғы қыз­мет­кері Питер Харрель The Guardian газе­тіне айтқанындай, осындай қадам арқылы Трамп әкім­ші­лігі Иран мен Венесуэла халқының би­лікке қарсылық танытуы күшейе тү­суінен үміттенеді.

Ақ үйдің кейінгі санкциялары жағ­дайды өзгерте қояды дегенге сену қиын. Қазірдің өзінде Иран мен Венесуэладағы жағдай мәз емес. Оның үстіне, екі мемлекет те мұнайға тә­уел­ді. Ал «қара алтынның» бағасы күн­нен-күнге арзандауы аталған елдерге оңайға соқпай тұр.

Коронавирустың Ирандағы тарал­уы жөнінде жоғарыда айттық. Вене­суэ­лада вирус әлі қарқын ала қойған жоқ. Алайда бұл елдегі медициналық ахуал мәз емес. Мәселен, елдегі дәрігерлердің үштен екі­сін­де сабын, маска, қолғап атымен жоқ. Бүкіл елде жағдайы ауыр науқастарға небәрі 73 төсек әзірленген. Осыған қарамастан, Трамп әкімшілігі санк­ция­ның Иран мен Венесуэланың хал­қы­на емес, билігіне арналғанын айтып сендірмек.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутер­риш әлем елдерін түрлі қақ­ты­ғыс­ты тоқтатып, вируспен бірлесіп күресуге шақырды. Денсаулық сақтау жүйелері құлдырап, дәрігерлердің босқынға айналуына мәжбүр болған аймақтарда коронавирус пандемиясы еселене түсуін ескерткен А.Гутерриш «Әлем­нің түкпір-түкпіріндегі соғыстарды тез арада тоқтатып, бітім жасауға шақырамын» деді.

Бас хатшы бүкіл әлем ортақ дұш­пан Covid-19-ға қарсы бірге кү­ре­судің орнына әлемде әлі де қару­лы қақтығыстар мен соғыстардың жал­ғасып жатқанына алаңдаушылық біл­дірді. Бірақ Бас хатшының үнде­уіне құлақ аспағандар қару ке­зе­нуін тоқтатар емес. Мәселен, Ливия­да­ғы соғыс әлі толастамай тұр. Афри­калық мемлекеттен жеткен жаңа­лық коро­на­ви­рустың тасасында қал­ға­ны­мен, күн сайын қарулы қақ­ты­ғыс салдарынан ондаған адам қаза табады.

Әуелгіде соғысып жатқан тарап­тар атысты уақытша тоқтатуға келіскен. Бірақ бір күн өтпей-ақ мылтықтың даусы қайта естілді. Қарулы қақ­ты­ғыс салдарынан Ұлттық Ливия әскері (LNA) күштеріне қарасты Сирт қаласындағы гарнизонның басшысы Салим Диръяк пен оның көмекшісі Кад­дафи ас-Садаи әуе шабуылынан қаза тапты. Олар – Ұлттық Ливия әске­рінің басшысы Халифа Хаф­тар­дың басты серіктесі болатын. Өз кезегінде Х.Хафтардың өкілі Ливияда Түркияның жақтасы саналатын 100 сириялықтың өлтірілгенін мәлімдеді.

Сәуір бастала сала Еуропалық одақ Ливияға қарсы IRINI деп аталатын іс-қимылын бастады. Бұл қадам елдегі қарулы топтарды залалсыздандыруға бағытталған. Әрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сай жүргізілмек.

«Бұл коронавирус дағдарысы кезінде өз міндетімізді орындай бе­ре­тінімізді көрсетеді. Елде бей­біт­­шілік орнатуда маңызды рөл атқа­руды көздейміз», дейді ЕО-ның ха­лық­аралық істер және саяси қауіп­сіз­дік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.

Кейінгі бірнеше күнде Ливиядағы жағ­дайдың ушыға түскенін айтқан Ж.Боррель «коронавирустың таралуы­на жол бермеу үшін мәмілеге келу туралы айтылса да, әскери қимылдар арта түскеніне өкінемін. Екі соғысты қатар жүргізе алмаймыз», деді.

Осыған дейін Ливия Ұлттық келі­сі­мі «Ашу вулканы» операциясын бас­тап, Халифа Хафтарға қарсы әскери іс-қимылдарға кіріскен. Ливия Ұлт­тық келісімінің мәлімдеуінше, бұған Х.Хафтардың жақтастары Три­по­лидегі бейбіт аймақтарды зымыранмен атқылап, атысты тоқтату келі­сі­мін бұзғаны себеп болып отыр. Х.Хафтардың жақтастары Триполидің оңтүстігінде орналасқан Айн Зара аймағындағы түрмеге шабуылдап 3 сарбазды жарақаттады. Сондай-ақ 6 адам қаза тапты.

Иемендегі жағдай да тұрақтамай тұр. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өзара кикілжіңі нәтижесінде Иемендегі атысты тоқ­тату қиынға айналды. Таяуда ғана көтерілісші хуситтер Сауд Ара­бия­сының астанасы Риядты бал­лис­ти­ка­лық зымыранмен атқылады. Соның салдарынан екі сарбаз жарақаттанды. Бұл елдегі қарулы қақтығыс 2015 жылы басталған-ды. Содан бері азамат­тық соғыс салдарынан 100 мың адам қаза тауып, халық арасын ашар­шылық жайлап, 3,6 миллион тұрғын босқынға айналды. Қысқасы, Иемен­дегі соғыстың әзірге аяқталар түрі көрін­бейді.

Қорыта айтқанда, коронавирустың қаупі саяси бақталастықты тоқтатуға қау­­қарсыз болып тұр. Пандемия қар­қын алса да, қарулы қақтығыстар бүгін-ертең тоқтай қалуы екіталай. Саяси амбициясы басым басшылардың жағдайға салқынқанды қарауына коронавирус та кедергі емес.