Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданында Есіл мерзімінен бұрын тасып кетті. Қазір осындағы Сергеев су қоймасының гүрілі адамның тұла-бойын түршіктіріп, бірнеше шақырым жерден естіледі.
Кеше облыстық ТЖ департаментінің құрама отряды құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қызылжардан Сергеевкаға аттанды. Құрама отрядтың сапында 8 өртсөндіргіш құтқарушылар және кез келген жолда батпайтын 2 автокөлік бар. Әрине, бұлардың күшімен табиғаттың жойқын күшін тоқтату қиын, бірақ бұлар жергілікті атқарушы биліктің қарамағындағы құтқарушылар күшіне қосымша көмек береді.
Құрама отрядты азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Құлыбаев шығарып салды. «Сіздердің қызметтеріңіз су тасқыны кезінде адамдарды құтқару және олардың қауіпсіз жерге ауысуына жәрдемдесу», деді ол құраманың алдында сөйлеген сөзінде.
Бұған дейін осындай құрама отрядтар Ғ.Мүсірепов, Айыртау және Уәлиханов аудандарына аттандырылған. Олар жергілікті жерлерде судың жайылмай, ағып кетуі үшін жолдарын аршып, жергілікті тұрғындарға үлкен көмек жасап жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы