Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданында учаскелік полиция инспекторы күдікті жүріспен ақырын жылжып бара жатқан «ВАЗ-21099» автокөлігін байқап қалады. Көлікті тоқтатқанда оның 1985 жылғы жүргізушісінің аузынан алкогольдің иісі мүңкіп тұрған. Медициналық куәландыру оның орта дәрежедегі мас екенін анықтаған.
Тексеріс барысында оның жүргізушілік куәлігінен сот шешімімен алты жыл бұрын айырылғаны анықталды.
«Алғаш рет ол жүргізуші куәлігінен 2014 жылы айырылған, ол кезде комбайнға масаң күйде отырған, - деп түсіндірді Ғ. Мүсірепов ауданы ПБ бастығы, полиция подполковнигі Айдос Ідірісов. - Ал екінші рет спирттік ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін 2017 жылы сот шешімімен 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасын өтеген. Биыл 11 қаңтардан күшіне енген заңнамадағы өзгерістерге байланысты енді жүргізуші 3 жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойына басқару құқығынан айырылуы мүмкін».
Қазір осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын сондай адамның басқаруына жол беру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Күдіктінің көлігі арнайы тұраққа қойылды.
СҚО-да жыл басынан басқару құқығынан айырыла тұра, масаң күйде рөлге отырған 15 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысы