Таңнан кешке дейін азан-қазан тіршілігі тоқтамайтын Алматы көшелері бүгінде мүлде басқаша кейіпке енген. Алып даңғылдар болмаса шаһар ішіндегі шағын көшелер тіптен тым-тырыс. Жолаушылар ағыны 70-75 пайызға азайса, көлік қозғалысы бес есеге дейін төмендепті.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін сағат 08.00-ден 09.00-ге дейін бейнебақылау жүйесі 4 836 автокөлікті ғана тіркеген. Мамандар 11 наурыз күні дәл осы уақыт аралығында көлік саны 19 546 болғанын айтады.
–«Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» аппараттық-бағдарламалық кешені көрсеткішін талдау, қаланың негізгі көшелерінде көлік қозғалысы едәуір төмендегенін көрсетеді. Қалада 35 бақылау-өткізу бекетінің ұйымдастырылғанын білесіздер. Бір тәулікте 18 798 көліктің қала ішінде жүру құқығының бар-жоғы тексерілді. Қаладағы аудандық полиция басқармасына себепсіз жүргені үшін 128 жүргізуші жеткізілді, 30 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды», – дейді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.