• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Сәуір, 2020

Ескінің жазығы – жаңаның қазығы

539 рет
көрсетілді

«Тәнін настық, рухын әбілет басқан» деуші еді бір жазушы әңгімесінде. Осы бір тіркесті ұмытуға қанша рет оқталсам да, ойымда ұйып қалмасы бар ма? Міне, бүгін мақаламның алғашқы жолынан орын алып отыр. Қазіргі заманның кейпін суреттейді сол шығармада. Ақылдың бұлағы санар ақсақалы жоқ қоғамды әжуәлайды әлгі қаламгер. Жаныма батқанын-ай! Авторды сөзбен суға бір тұншықтырып та алғанмын оқып отырып. Енді қараңызшы, сол мұңлы кекесінге келіспеске дәрменім болмай тұрғаны...

Алдымен мысал болсын. Бұл бір ғана дәйек емес, бірнешесін көз алдыңызға әкелер едік, көпке топырақ шашудан бойымызды аулақ салғанды жөн санадық. Айтпақшы, қоғамдық көлікте болған жағдай бұл тақырыптан таған тартуға түрткі болған. 

Автобустың алдыңғы орын­дық­тары – ардагерлер мен аяғы ауыр келіншектердікі. Сіз отыруға асық­паңыз. Бос болған жағдайда ғана болмаса, көлденең әрекетіңіз көзге оғаш көрінуі ғажап емес. Алда-жалда жайғаса кетсеңіз, жаладан жалтарып кете алмайсыз. Десе де, бірде жастығымызға иек сүйеп алдыңғы қатардағы бос орындыққа өңмеңдей бергеніміз сол-ақ еді, «тәйт» деген жағымсыз дауыс жағамыздан алды. Тақия мен шапанын үйлестіре киген ақсақал аузындағы қабаған итке ие бола алмай, тілін безеді келіп. Жастардың олқылығын ортаға салды. Бірақ үстінен мүңкіп тұрған арақтың иісін бәріміз елемегенсіп отырдық. Жанындағы өзі тектес екі шалға да ащы сөзбен тиісіп отыр. Қарияның бұл қарекетіне намыстан жарылардай болдық. Біз ғана емес, сол жердегі адамдар да күпті болды. Шалдың сөзін шалық ұрғанның сандырағына баладық та қойдық. Шапанын сыйлап құрмет көрсетуге оқталғандар болыпты, бірақ олақтығынан безінсе керек. Мұндай оқиғаларға жүздеп кездесуге болады. Шапансыз шалдардың да ойға шолақтығын сіз бен біз жақсы білеміз. Оған дәлел – бүгінгі қоғамның күйі. Басындағы күнқағарының сиқына қарап шошисыз. Бүгежіктегеннен не табамыз, бір өксік көкірегімізді удай ашытып тұрғаны.

Қу жараны жалап жазғаннан не қайыр?! Арық атқа жабу жап­қанмен алысқа шаппасы анық. Кісіге мәмілесі жоқ қарияларды көргенде кеуденді көлеңке билейді. Бауыры бұлақ бабаларым-ай деп бір тулайсың. Несін жасырамыз, қазір тақия кигендер түкірігін тісінің арасынан тастайды. Кенеусіз кер айғай, жалтылдаған қызыл сөздің иесіндей. Батасы да дәмсіз. Ақыл сұрап барсаң айтатыны ат үстінен құлағаны. «Өсетін елдің қарты – қазына, өшетін елдің қарты – қазымыр» демей ме? Қай уақытта да ақылға ергеннің азбайтыны кәдік. Ал біз ақылды қайдан аламыз? Әрине аузы уәлі, сөзі алтын ақсақалдардан. Ұстазым: «Менің академиям ауылдың ақсақалдары», деп көрген-білгенін көппен бөлісіп отыратын. Адам идеалсыз өмір сүре алмайды. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» дегендей, қо­ғамның тәрбиешісі – қордалы қариялар. Баяғыда ақсақалдар ауылға қонаққа келгенде алғашқы сұрағы: «Бұл мекенде адам бар ма?», деп сұрайтын көрінеді. Сөз­ге құлақ асатын жалы биік, кеу­десі кең кісіні қазақ «адам» дей­ді екен. Жақсының негізгі сипа­ты сөз мәнісіне баратындығы. «Ауылда адам бар болса ауыл ала бол­майды», дейді Бұқар жырау. Бір ауылды бір-ақ адам түлеткен. Сол кісіге қоғам еліктеген. Міне, бү­гін сол түзілімді халық аңсайды, біз аңсаймыз. Шіркін, арамызда қазақтың ауызбіршілігі мен берекесін алақанында ұйытқан тілі дуалы қариялар көп болса дейсің. Бо­йына ізгілік нұры сіңсе, кез кел­ген мәселенің шешімін табуда үлкен рөл атқарса, ұлтымыздың ас­панында жүрген ала бұлт сейілер еді.

Шыны керек, өмірлік пайымы өлген үлкен кісілер көбейіп барады қоғамда. Сақалы қабындап қалың өссе де, көкірегі қурап қалған тұт ағашындай. Ойға таяз. Аталар картақұмар, әжелер киноқұмар болып кеткен. Бұрын атала­ры­мыз­дың карта ойнамақ түгілі, «сіңбіруге» уақыты болмайтын. Әжелеріміз болса, ұршық иіріп, балаларына, немере-шөберелеріне киім тоқитын. Қазір бәрі басқаша. Содан да болар, «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген тәмсіл ойрандап ортаға шықты емес пе?! Көп жыл жасап, еш жетістікке жетпеген қарияларымыз ұрпаққа қалай үлгі болмақ? Түрлі әлеуметтік желілерде күлкі болған бір видео естеріңізде шығар?! Дастарқан басында отырып, асқа бата бере алмай, оған қоса соңында «әмин» деудің орнына «алып қойыңдар» деп айтқан атамыз ел назарына іліккен болатын. Жасына қарамай, жастар секілді тойда билеген қарттарымыз, ішімдікке салынған үлкен кісілердің осындай жаман әрекеттеріне қарап налисың. Болашақ ұрпақ кімнен үлгі алуы керек сонда?! Қоғамға ашық жол сілтей алып, дұрыс бағыт беріп, сақалымен емес, айтқан мақалымен жөн бере білетін ата-әжелер қайда?!

Иә, өткенді реттеп алмай, болашақ түзелмек емес. Бұрын­ғыны айтпай жаңа сөз ойға оралмайды. Қарияның қадірі кетсе, ұлттың ұршығы сынады. Олар – болат өзек. Ал қоғам болат өзегі бар арқан сияқты. Ішіндегі болатты суырып алсаң, былқылдайды да қалады. Ұлттық қорларымыз да осылар. Былайша айтқанда, мемлекетіміздің іргетасы. Ескілікті меңгерген адамдар жаңаның қа­зығы емес пе? Ендеше халықтың мінезін түзейтін ақсақалдарымыз көп болғай дейміз. Елімізді жа­лы жоқ қариялар мен жалыны жоқ жастардың отанына айнал­дыр­майық!