Экономистер биыл доллар мен теңге бағамындағы өзгерістерге орай бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүлік 13 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтады. Әрине бұл жай болжам ғана. Десе де, осыдан бес жыл бұрын теңге құнсызданған тұста тұрғын үйдің шаршы метрі 355 мың теңгеге дейін өсіп кеткен болатын. Ендеше елдегі төтенше жағдайдан кейін пәтер бағасының тағы да аспандап кетпесіне кім кепіл?! Әйтеуір дәл қазір баспаналы болуды аңсаған отбасылардың көңілі күпті.
Естеріңізде болса, жыл басында тұрғын үй бағасы қымбаттайтыны туралы қауесет қаулап, көпшілікті әбігерге салған-ды. Сол сәтте қалтасы жұқа қарашаның үміті су сепкендей басылды. Абырой болғанда, мамандар бұл әңгіменің негізсіз екенін айтып, біржолата нүкте қойған еді. Алайда бүгінде пандемияға байланысты пайда болған проблемалар тұрғын үй секторын айналып өтпейтіні анық. Бұл жөнінде BI Group компаниясының PR-директоры Юрий Дорохов: «Бағаның өсуі құрылыс саласында сырттан әкелінетін заттардың үлесі көп болуына байланысты», дейді. Оның айтуынша, бұл заңды құбылыс. Құрылыс заттары қымбаттаған сайын пәтердің де бағасы жоғарылап отырады.
Бір қуаныштысы, экономикадағы тұрақсыздық пен доллардың құбылуы кезінде жылжымайтын мүлікке салынған салымдардың құны жоғалмайды екен. Мәселен, былтыр сатылған пәтерлердің 80 пайызы несие арқылы рәсімделген. Өйткені халықтың жылдық табысы үйдің бағасына шаққанда оннан біріне де жетпейді. Сондықтан жұртшылық ипотекаға жүгінуге мәжбүр. Осыдан кейін жылжымайтын мүлік нарығында бәсекелестіктің бәсі қызып тұр. Бұрынғыдай емес, ұсыныс көп. Яғни тұтынушылар да таңдауға ерікті.
Осыдан екі ай бұрын жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов: «Бағаны өсіре беруге болады. Алайда қымбат және ауданы үлкен пәтерлер өтпейді. Адамдар көбінесе 1 не 2 бөлмелі пәтер алады. Себебі олардың қаржылық мүмкіндігі бұдан арыға жете бермейді», деген болатын. Бірақ бұл пікірге сарапшылар күдікпен қарайды.
– Тұтынушылар сұранысы едәуір төмендеді. Соған қарап-ақ жағдайдың мәз еместігін аңдауға болады. Құрылыс материалдарының 60 пайызы шетелден тасымалданатынын ескерсек, мемлекет қанша тежеп ұстағанымен үй бағасы 5 пайызға өсуі ықтимал. Отандық құрылыс компаниялары шетелдіктермен доллармен есептеседі. Доллардың бағасы құбылған сайын шығын көлемі де артатыны даусыз. Амал жоқ, құрылыс компаниялары шыққан шығынды тұтынушының есебінен өтеп алады. Дәл қазір әліптің артын бағу қажет. Құрылыс компаниялары құрылыс материалдарын сырттан әкелуін тоқтатпаса, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармайды, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Динара Ақынбекова.
Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта тұрғын үй нарығына болжам жасау қиын. Мұнай нарығының мың құбылуы теңгені құлдыратты. Жуырда шикізат бағасы тұрақталады дегенге енді ешкім сенбейді. Сондықтан ел экономикасындағы өзгерістерге іштей дайын болған жөн.
Ал белгілі экономист Жанкелді Шымшықов баспана мәселесі біржақты шешілу үшін шетелге жаутаңдағанымызды доғару керектігін тілге тиек етеді.
– Үкімет баспана бағасын түсіргісі келсе, құрылыс материалдарын, негізгі шикізатты елімізде өндіру ісін жолға қоюы керек. Кеңес Одағы кезінде Құрылыс өнеркәсібі министрлігі деген арнайы ведомство болды. Цемент, кірпіш зауыты сияқты көптеген кәсіпорын осы министрлікке қарады. Ірі қалаларды айтпағанда, аудан орталықтарында темір-бетон зауыты жұмыс істеп тұрды. Осындай зауыттардың жұмысы жанданса ғана баспана бағасын арзандатуға мүмкіндік туады, – дейді Ж. Шымшықов.
Сарапшылар шикізат нарығындағы әлемдік жағдай екінші жартыжылдықта жақсаратынын айтады. Қазір тұрғын үй сатушылар бағаны көтергісі келеді. Алайда елдегі дүрбелең оған ырық бермесі анық. Сондықтан қорқудың қажеті шамалы.