Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті жанында әйгілі Жалаңтөс батыр атын иеленген ауыл бар. Батырлығының арқасында «Тұран жолбарысы» атанып, көрегендігімен Самарқанды ұзақ жыл билеген Жалаңтөс Сейітқұлұлы осы топырақта дүниеге келген екен. Орталық Азиядағы қаһарман қолбасшылардың бірі саналған батыр атындағы ауыл қазір түтіні түзу ұшқан елді мекеннің біріне айналып отыр.
Қарашеңгел ауылдық округінің орталығы саналатын ауыл – кезінде Қиыр Шығыстан жер ауып келген корейлерді паналатқан елді мекен. «Қызылту» ұжымшарына жиырма шақты үй болып қоныс теуіп, қоңсы болған олардың арасынан күріш өндірісіндегі озық тәжірибесімен танылған Петр Пак Социалистік Еңбек Ері атанды. Соғыс жылдарында ұжымшарды басқарған Қашақбай Пірімов танк жасау үшін 100 мың сом аударған қайраткер азамат. Төрағаның бастамасы басқаларға үлгі болып, тылдағы қазалылық еңбеккерлер жеңісті жақындатуға үлес қосқан.
Қазір ауылда 1 ЖШС, 13 шаруа қожалығы бар. Барлығы дерлік күріш шаруашылығымен айналысады. Осы күні көп ауылда әлеуметтік нысандардың жетіспейтіні байқалады. Ал «Жалаңтөс батыр» бұл жағынан басқаларға үлгі болардай. Ауылда 250 орындық жаңа типтегі мектеп, балалар шағын орталығы мен балабақша, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, ауылдық клуб бар. Бәрінің де ғимараты соңғы жылдары бой көтерген.
2016 жылы батыр бабаның туғанына 440 жыл толуына байланысты орталық алаң салынды. Балалар мен жастар үшін спорттық алаң да ұмыт қалмады. Қазір ауылдағы шараның бәрі осы алаңда өтеді. Тұрғындардың өздері тұратын көшелермен қатар осы аумақты көркейту, көгалдандыруға үлесі мол. Өткен жыл соңында облыста «Үлгілі ауыл» байқауы өткен болатын. Тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау мен елді мекен дамуына жұмылдыруды мақсат еткен осы байқауда ауыл арнайы номинация алып, 2 млн теңге иеленді.
– Жуырда Парламент Сенатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдаудың өткені оң бастама болды, – дейді Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Орысбек Жамшейітов. – Бұл ұлттың бесігі саналатын ауылдың ертеңіне қатысты маңызды шешімдерді қабылдарда сол елдегілердің де пікірі ескерілетінін көрсетті. Шүкір, көп ауылдан көш ілгеріміз. Бірақ алға қойған жоспарымыз да көп. Соны жүзеге асыруда осы бастаманың берері көп болады деген ойдамын.
Спорт жағынан да «Жалаңтөс батыр» тұрғындары көп елді мекеннің алдында келеді. Бокс, волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика жарыстарынан ауыл жастары жүлделі оралып жүр.
ҚЫЗЫЛОРДА