• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2020

Тасқынның бүгінгі ахуалы

266 рет
көрсетілді

Қазір Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаменті өңірдегі көлдер мен өзендер суының көтерілу деңгейін күнде бақылап отыр. Бүгінгі таңда барлық су қоймаларының мұздары барынша жұқарып жатыр. Өзендерде сең жүру де басталған.

Шағын өзендерде үлкен сеңдер  соғылысып, ағып кете алмай, су деңгейін көтере түсуде. Сондықтан 6-7 сәуірде Есілдің Бабық-бұрлық, Ақан Бұрлық, және Жембарақ өзендерінде сеңді жару жұмыстары жүргізілді.

«Тасқын басталғаннан бері облыстағы республикалық, облыстық және жергілікті жолдардың үстіне су жайылудың 38 фактысы тіркелді. Қазір соның 27 учаскесінде су қайтты. Су басу тек Мүсрепов, Тимирязев, Тайынша, Шал ақын, Айыртау аудандарындағы 11 учаскеде қалып отыр» дейді СҚО ТЖ департаментінің бастығы Р.Камалов. 

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 3 су қоймасына мониторинг жүргізіліп отырады. Қазірдің өзінде Сергеев су қоймасындағы судың жайылуы 127 сантиметр болып отыр. Қойманың суы қалыптағыдан 22,6 пайызға асып кеткен. Ал Петропавл гидроторабындағы су қоймасының толығуы 95,7% болып отыр. Осылардың ішіндегі ең қауіпсізі әзірге Шағалалы су қоймасы. Оның толығуы қазір 77,5%.

Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарына облыстық ТЖ қосымша күштер жібергенін бұрын да айтқанбыз. Қазір олар жергілікті басқару органдарының қызметкерлерімен бірге тасқынның қасіретін болдырмай жолында жанкешті әрекеттер жасап жатыр. 100-ге жуық осы қызметкерлер судың деңгейін бақылайды, сеңдерді кесіп, кішірейтеді, су басуы мүмкін елді мекен тұрғындары арасында профилактикалық шаралар жасайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы