Елімізде жарияланған төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын өндірушілерге қосымша құн салығын 12 %-дан 8 %-ға дейін төмендетуге тапсырма берген болатын. Бұл қазір іске аса да бастады. Алайда бұл жеңілдіктен күрішшілер сырт қалайын деп тұр.
Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы №141 қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде бұл өнім «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығаратыны белгілі. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелерін тығырыққа тіреп отыр.
Өткен аптада облыстағы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, орталық аппаратқа жіберді. Орталық әзірлеген ұсыныс тиісті министрліктерге кетті.
Мәселе шешімін табады деп үміттенеміз. Егер Үкіметтің қаулысына өзгеріс енбей қалса, кәсіпкерлерімізге зияны тиетіні анық, - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.