Елімізде Төтенше жағдай жарияланғалы бері бойымызды уайым билеп алғаны белгілі. Кейде іштей абыржысақ, кейде вирус жұқтырған отандастарымыз туралы жайсыз ақпараттың көңілге күдік ұялататыны бар.
Бәріміз вирусқа қатысты мәселені ойламауға, көңілімізді басқа арнаға бұруға тырысамыз. Бір-бірімізді қолдап, аудиохабарлама, сурет, жазбалар жібереміз. Ақпарат айдыны да түрлі контентке толы. Әйтсе де көңілге медет берер, сенім ұялатар мақаланың орны бөлек. Осы орайда, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы (8 сәуір, 2020 жыл) оқырманға ерекше серпін бергенін айта кеткен жөн.
Шынын айту керек, Елбасының әр мақаласын ыждағатпен оқимын. Бәлкім, бұған журналистика саласында жүргенім де әсер ететін шығар. Оның үстіне, айналамдағы адамдарды мақаланың бөлігін, қысқаша тұжырымын немесе оған қатысты пікірін емес, ресми жерде жарияланғанын толықтай оқуды ұсынамын. Бұл жолы да солай болды. Мақалада бізге жетіспей жатқан көп мәселе қамтылған. Біріншіден, бірегей өмір тәжірибесі бар тұлға алдағы кезде елімізде бәрі жақсы болатынын баяндаған. Екіншіден, бәріміз бірге болғанда ғана індеттен құтылатынымызға сенім ұялатады.
Төтенше жағдай елімізде Волонтер жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда алға қойған бағытымызға байыппен қарап, маңыз бере бастадық. Әсіресе волонтерлік жұмысқа қатысы жоқ көптеген танысым ерікті түрде көмектесуге атсалысып жатыр. Әлеуметтік желілерге жазып, телефонға хабарласып, қалай қол ұшын соза алатынын сұрайды. Бұл бізді ынталандыра түседі.
Елбасының мақаласы ерекше ынталандырды. Мақалада қандай ауыр жолдан өткенімізді, алдағы күннің жақсылықтарын шынайы түрде сезінесіз. Бұл пандемияны да еңсеретініміз анық.
Осындайда, маңыздысы – індет аяқталғаннан кейін кім боламыз, қайда барамыз? Дәл қазір бойкүйездікке салынып, үмітін жоғалтқандар ертең өкінетіні анық. Ал елге көмек қолын созуға талпынғандар ғана әрдайым биік белестен көрінеді. Елбасы өз мақаласында айтқан «Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады», деген сөзі – көңілге медет.
Республикалық «Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесіне кіргенім – маған артылған үлкен сенім. Қор Тұңғыш Президент кәсіпкерлерді отандастарымызды қолдауға шақырғаннан кейін құрылды. Содан бері мол қаражат жиналып, ел аумағындағы мұқтаж жандарға көмек ретінде үлестіріледі. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, 100-ден астам отбасын аралап, тізім жасадық. Індетпен күресу үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дәрігерлер, әскерилер, полицейлер, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ волонтерлердің ерен еңбегін мақтан тұтамын. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, үмітімізді жоғалтпай, көңіліміз көтеріңкі болсын дегім келеді. Сүлеймен пайғамбар айтқандай, «бәрі өтеді, мұны да еңсереміз».
Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,
«Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрағасы