Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен Президент Әкімшілігінің келісімімен Болат Әлмұханұлы Исаков Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Болат Әлмұханұлы 1968 жылы Жамбыл облысында туған. 1991 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ды «Қолданбалы математика», ал, 1999 жылы «Әділет» жоғары құқық мектебін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы «Тараз» өңірлік ішкі экономикалық тауар өндірушілер ассоцияциясының инженері болып бастаған. 1993-1994 жылдары коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеген.
Ал, 1995-2010 жылдары Әділет министрлігінің Жамбыл облыстық құқықтық ақпарат орталығының бас маманы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, 2010-2013 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, 2013-2014 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін атқарды.
2014-2016 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы, 2016-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы болды.
Соңғы жұмыс орны – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ