Соңғы тәуліктің өзінде ғана Қызылорда облысында жаңадан вирус жұқтырған 23 тұрғын анықталып, жалпы науқастардың саны 92 адамға жетті. Күнделікті БАҚ өкілдері үшін онлайн брифинг өткізіп тұратын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов осының бәрі карантин тәртібін сақтамаудан болып отырғанын айтады.
- Ауруды емдеу дәрігердің міндеті. Ал одан сақтанып жүру, ортақ талапқа бағыну кез келген адамның өзіне байланысты. Вирустың таралуына орай талай мәрте түсіндірме жұмыстары жасалды, бірақ соған құлақ асып жатқандар аз. Өзіне қойылған диагнозбен келіспей, ауруханаға жатудан бас тартқандар да болып жатыр. Ең қиыны, той-томалақ тиылмай тұр, – дейді бас дәрігер.
Осыған дейінгі шектеулерге қарамастан 17 үй иесі өз ауласында той жасап, 48 дәмхана қызметтерін жалғастырған. Мобильдік топтар төтенше жағдай уақытында белгіленген талаптарды бұзған 90 факті анықтады.
Осының бәрі аурудың таралу аясын шектеп, адамдарды қатерлі індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқан амалдар. Билік қолынан келгеннің бәрін жасайды, бірақ соны тұрғындар түсінуі тиіс. Жасырып жасаған тойдың ақыры топырлаған ауруға ұласып жатуы кімге абырой әпереді дейсіз?...