Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай кезеңінде қайта куәландырудан өтуі тиіс 1878 азаматтың мүгедектік анықтамасының мерзімі орталықтандырылған база бойынша ұзартылды. Демек, жәрдемақылары төтенше жағдай режимі аяқталған күнді қоса алғанға дейін төленеді.
Бұл төтенше жағдай кезеңінде қолға алынып отырған сақтық шарасы әрі үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп отырған қамқорлық. Сондай-ақ азаматтар мүгедектікке шығу өтініштерін төтенше жағдай кезеңінде үйден шықпай Egov.kz веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жолдай алады. Тиісті құжаттары интернет ресурсы арқылы жолданған соң, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мамандары 2 күн ішінде өтініш тастаған азаматтарға жауап беріп, мүгедектік тағайындалғандығы туралы хабарлайды. Хабарлама байланыс нөмірлеріне де келеді. Ал, мүгедектік туралы анықтамаларының түпнұсқасын төтенше жағдай аяқталған соң медициналық-əлеуметтік сараптама комисиясынан алып кете алады.
Куәландырылатын адам мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақыланып, оған бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай мүгедектік тағайындалады. Қазір осындай сырттай куәландырудан 4 азамат өткен.
Түркістан облысы