• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Сәуір, 2020

Індеттен қорғануды шығыстан үйренсін

387 рет
көрсетілді

Дәл қазір әлем елдері коронавирус­тан қорғану үшін жанталасып жатыр. Әрине оның ішінде біз де бармыз. Әлем халықтары бұл дерттен қорғанудың жолдарын қарастыруда. Соның ішінде ДДҰ тарапынан шығыс елдерінің қорғану тәсіліне оң баға берілуде.

Мысалы, халық саны 3 миллионның үстінде, онымен қоймай дерт ошағы Қытай­мен іргелес жатқан Моңғолия дүние жүзінде бірінші болып оқшаулануды бастады. Тіпті мемлекет басшысы Халмаагийн Баттулга 2020 жылдың 27 ақпанында Қытай еліне ресми сапар жасап келген күні оны 14 күн­дік карантинге жатқызды. Бұл былайғы бұқара үшін үлгі һәм тәртіпті орнатушы қатардағы қызметкерлер үшін халықты жасқайтын құрал іспетті тетікке айналды. Одан кейін елдегі ашық ақпарат саясаты өз жемісін берді. Яғни мемлекеттік оқшаулану кезінде істің жоспарлануы, оның атқарылуы сәт са­йын, сағат сайын ашық мәлімделіп, халықпен бүкпесіз бөлісіліп отырды. Ең бас­тысы, барлық іс-әрекет «шөкімдей аз ғана моңғол аман болуымыз керек, бізге ешкімнің жаны ашымайды моңғол – моңғолға туыс» деген рухани ұран астында жүргізілді. Бұған халық иланды һәм қатаң тәртіпке бой ұсынды. Соның арқасында бұл ел жұқпалы дертті аман-есен еңсеріп келе жатыр.

Одан кейін Оңтүстік Корея елін алайық. Бұл елде дерт бірден лап етті. Қытайдан кейінгі қауіпті ошақ ретінде тіркелді. Елдің денсаулық сақтау саласының мамандары дерттің алдын алудың жолы – оны анықтайтын жаппай сынама (анализ) жүйесін енгізді. Дерт жұқтыруы мүмкін делінген адамдарды тізіп қойып тексеруден өткізді. Бірінші жолы бұған 290 мың адам қатыстырылды және өзіне күдігі бардың бәрі сынамадан тегін өтті. Ең бастысы, бәріне қолжетімді түрде жүр­гізілді. Қазір бұл елде дерттің беті қайта бастады. Корейлер тапқан тағы бір тәсіл, вирус жұқтыру ықтималдығы басым нүк­телерді сырттай бақылау мақсатында қалта телефонға апликейшн орнатты. Тұрғындар осы арқылы қауіпті нүктені сезіне алды.

Шығыстағы тағы бір ел сингапурлықтар да қорғануды жалпыхалықтық сынама алудан бастады. Вирус тіркелген жағдайда аурумен қарым-қатынаста болған тірі пенденің бәрі іздестірілді. Бұл жұмысқа әскери күш­тік құрылымдар тартылды. Елге сырттан келгендерді кім екеніне қарамай дереу карантинге жатқызды. Оларды жіті бақылау үшін білектеріне жүрген-тұрғанынан хабар беретін ақпараттық білезік орнатты. Онымен қоймай оқшауланған адамдар өздерінің жағдайы жайлы белгіленген уақыттан қал­дырмай фото-ақпар жолдауы тиіс. Бұлай жасамаса босатылмайды. Гонконгте қала көшелеріне вирус жұқтырған адамдар тұратын нүктелер белгіленген бақылау тақта­лары орнатылды. Ең бастысы, ақпарат тарату ісін жүйеледі. Жалған ақпар таратушыларды жазаға тартты.

Осы орайда әлемдік ақпарат мамандары хабар-ошар таратуда Қытай қателігін қайталауға болмайды дейді. Мұндай жағ­дайда бұқарамен байланысты күшейткен дұрыс. Яғни халыққа «әкесі өлсе де естір­теді» дегендей шынайы ақпарат жетпесе, бағытынан жаңылады. Бұл бүліншілікке соқтыруы мүмкін.

«АҚШ және Еуропа елдерінің коронавируспен күрес барысында жіберген қателігі, – дейді ДДҰ-ның бұрынғы қызметкері Тикки Пангесту, – азиялықтардың бір-бірін құрметтейтін, көркем мінезі мен сабыры еуропалықтарға сабақ болуы тиіс. Дертке қарсы тұру үшін мемлекеттің жоғары әлеуетті экономикасы емес, халықтың бірлігі керек екенін қарт құрлықтағы ағайындар түсінсін».

Дерт әуелі азиялықтарды шарпыды. Бұлар дереу жұдырықтай жұмыла қалды. Бірлігін бекемдеді. АҚШ пен Еуропа тұрғындары ешқандай мән бермеді. Тәкаппарлық танытты. Нәтижесінде, аурудың алдын алу мүмкіндігін кешіктірді. АҚШ өз аяғымен келіп сынама тапсырамын деушілерге қымбат баға қойды. Ұлыбритания болса, дерттің жеңіл түріне мән бермей, оларды босатып жіберді.

«Ең басты қателік, – дейді жоғарыдағы Тикки Пангесту мырза, – еуропалықтардың табиғи ынтымақ-бірлікке психологиясының бейімделмеуі. Ел ішінде ұзақ жыл қалып­тасқан еркіндік пен демократия бұқараны қатаң тәртіпке көшіруге бірден-бір кедергі келтіріп отыр».