Өткен тәулікте Қызылордада тағы 12 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, науқастар саны 104-ке жетті. Бүгін таңертең онлайн брифинг өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов жаңадан тіркелгендердің жағдайын баяндады.
–Олардың алтауы Сырдария, 3 адам Шиелі, 1 науқас Жаңақорған аудандарынан. Қызылорда қаласында да 2 тұрғынның бойынан вирус табылды. Бұлар ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар қатарында карантинде жатқандар. Сонымен, облыста инфекцияға шалдыққандар саны 104 адам болып отыр. Науқастанғандардың күрт көбеюінен қорқудың қажеті жоқ. Вирус жұқтырғандардың, олармен қарым-қатынаста болғандардың бәрі бақылауда, – деді облыстың бас дәрігері.
Жақсылық Әбілқасымұлы ауруханада жатқандардың 80 процентінің жағдайы қанағаттанарлық екендігін айтты. Жалпы, жергілікті дәрігерлер науқастардың 72 процентінен вирус белгісін ерте анықтаған. Осының арқасында ем де нәтижелі болып отыр