Теріскейден жеткен циклонның немесе халық «жынды боран» деп атайтын қатты желдің кесірінен азық-түлік әкеле жатқан алматылық екі фура да жолдан тайып кетеді.
Оларға «Жезқазған-Петропавл» тас жолында кезекшілікте жүрген полиция кіші лейтенанттары Мейрам Қазиев пен Бахтияр Алпысбаевтің патрульдік экипажы алғашқы болып қол үшін созды. Тәртіп сақшылары алдымен Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданына ауыл шаруашылығы өнімдерін алып қайту үшін бара жатқан фураның батып тұрғанын байқайды. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы «Ұзынжар» ауылындағы «Қазсушар» республикалық кәсіпорнының «Есіл су» филиалынан «К-700» тракторын бөлгізіп, алматылық жүргізушіні тас жолға шығарады.
Осы оқиғадан бір күн өткенде Солтүстік Қазақстан облысы арқылы Қостанай қаласына кетіп бара жатқан екі үлкен жүк көлігі Жамбыл ауданы аумағында ақ түтек боранға тап болыпты. Алай-дүлей соққан желдің екпіні бос келе жатқан фураларды жол үстінен ысырған. Бір фураның артқы бөлігі жол үстінен шығып кеткен. Көлік бірден тоқтап, орнынан қозғала алмай қалады. Қолдарында тростары болмай қалған алматылықтар 102 арнасына хабарласыпты. Оқиға орнына полиция капитаны Әміржан Тоққожин мен полиция кіші лейтенанты Ғабит Сәбит мінген патрульдік экипаж келген. Олар «Пресноредуть» ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Максим Турновтан К-701 тракторын алдырып, жүргізушілерді Қостанай облысының шекарасындағы блок-бекетке дейін жеткізіп салған.
«Карантин кезінде трассаларда көлік саны азайды», - дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирінің орынбасары полиция капитаны Уәлихан Оразалин. «Петропавл қаласы мен аудан орталықтары жабық. Тек транзиттік көліктер мен халықтың қажеттілігі үшін азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын автокөліктер ғана өте алады. Сондай-ақ, елді мекендердің өмірі үшін маңызды объектілерде жұмыс істейтін азаматтарға рұқсат берілген. Бірақ патрульдік полиция қызметкерлері жол үстіндегі тәртіпті бұрынғыдай қамтамасыз етіп, жағдайды бақылауда», деді ол.