Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында, Түркістан қаласының аумағында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуін құру бойынша ауқымды жұмыстар басталды.
Атап айтқанда, «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-мен құны 1,7 млрд теңге болатын, 733 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру және МТС құру жобасы іске асуда. Аталған серіктестіктің жер көлемі 1046 гектар болады, 108 шаруа қожалық біріктірілген. Ол жерде АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 жаңбырлатып суару машиналары орнатылып, 200 гектарға күздік бидай, 322,5 гектарға жоңышқа егілген. Жаздық бидай мен жүгері егуге жер дайындалуда. Егістік басында болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев атқарылып жатқан іске оң бағасын берді. «Жаңбырлатып суару технологиясының артықшылығы көп. Бұрын 1 гектарға 12-15 мың текше метр су шығындалса, қазір оның көлемі екі есе азайды. Ең алдымен мыңдаған гектар алқапты суару жағынан туатын қиындық шешілді. Яғни, біздің аумаққа өте тиімді әдіс. Қуарып, бос жатқан жерлерде азық-түлік белдеуі қалыптасып, әжептеуір нәтиже беріп отыр. Бұл жерлерге арық қазып, су әкелудің тиімсіз екенін түсініп, жаңа әдісті қолға алдық. АҚШ-тан арнайы қондырғылар алдырдық. Көп күттірмей, жемісін көрер күн алыс емес», деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
Арыс - Түркістан каналы арқылы мұнда су төрт жүйемен келеді. Үлкен бассейн салынған. Қондырғылардың барлығына құбыр арқылы су жеткізіліп тұрады. 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, «Джон Дир»тракторы, комбайны және басқа да шаруашылыққа қажетті қондырғылар алынды. Алынатын жем -шөп қоры италиялық технологияменжабдықталған, құны 3,5 млрд теңге болатын, 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын азықпен қамтамасыз етуге пайдаланылмақ. Сонымен қатар, азық-түлік белдеуінде «SPK-SAURAN» АШӨК-мен құны 1,5 млрд теңге болатын 650 гектардыжаңбырлатып суару технологиясын ендіру жобасы іске асуда. Қазіргі таңда, АҚШ-тың «Valmont Industries» компаниясымен 3 жаңбырлатып суару машинасы 153 гектар аумаққа орнатылса, қалған 9 бірлігі алдағы қыркүйек айына дейін іске қосылады. Алқаптан жиналатын жем - шөп австралиялық технологиямен жұмыс істейтін, құны 2 млрд теңге болатын, 10 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын азықпен қамтамасыз етуге бағытталады. Өңірде «Ордабасы-құс» ЖШС-мен құны 938,4 млн теңгелік 782 гектарға 9 бірлік жаңбырлатып суару технологиясын ендіру жобасы іске асады. Онда 71 жер иеленуші шаруашылық бірігіп, жүгері дақылын егуге кіріскен. Алынатын өнім есебінен жылына 8 100 тонна күрке тауық етін өндіретін кәсіпорын азықпен қамтамасыз етілмек.Сондай-ақ «KAZAGRO PROJECT» ЖШС-мен құны 12,8 млрд теңге болатын жылына 20 мың тонна құс етін өндіру жобасы іске аспақ. Жоба аясында 5 мың тонна құс етін өндіру жоспарланған. Аталған бағытта бүгінде серіктестіктің қаржылай кепілдемесі анықталып, «Түркістан» ӘКК» ҰК» АҚ-мен бірлескен кәсіпорын құру жұмыстары жүргізілуде.