Жанбай – Исатай ауданындағы ірі елді мекен. Төтенше жағдай енгізілгеніне қарамастан, осы ауылдың 4 тұрғыны түнгі мезгілде аудан орталығына барған. Бұл олардың 3 тәулікке қамалып қалуына басты себеп болып отыр.
«Жанбай ауылының төрт тұрғыны төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген талаптарды орындамаған. Олар 2020 жылы 7 сәуірде түнгі сағат 22.30 шамасында Аққыстау ауылындағы Егемен Қазақстан көшесінің бойында топтасып жүрген. Кешкі сағат 21:00-ден кейін көлік құралымен себепсіз көшеде жүріп, төтенше жағдай режимін бұзған» -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Осыған байланысты толтырылған әкімшілік хаттамамалар Исатай аудандық сотына жолданған. Сотта төтенше жағдай режимін бұзу фактісіне қатысты 4 әкімшілік іс қаралды. Құқық бұзушылар «TrueConf» қосымшасы арқылы сот отырысына қатысып, өздерінің кінәларын мойындады.
Сот қаулыларымен құқық бұзушылар кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Жұмасат ҒАЗИЗ