«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторлары кеше түнгі рейдте облыс орталығының іргесіндегі Досан ауылының маңынан екі Тойота Ленд Крузер автокөлігін байқайды.
Қалаға кіретін тосқауыл бекетін айналыпөтіп бара жатқан көліктегілер бұларды көрісімен күріштік арқылы жол қысқартып, бой тасаламақ болыпты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Фейсбук желісіндегі парақшасында жарияланып отыр.
Қуғын кезінде қашқан көліктің бірі аударылып, ішіндегілер келесісіне ауысып мініп, ұзап кеткен. Ал аударылған көлік ішінен мүйізі кесілген 54 киік, 224 дана мүйіз, 25 оғы бар МР-153 маркалы аңшы мылтығы, дүрбі мен пышақ табылды.
Арнайы аң аулауға лайықталған көліктің мемлекеттік нөмірі әлдеқашан есептен шығарылған болып шықты. Қазір облыс полицейлері осы оқиғаға байланысты жедел-іздеу шараларын бастады.