Тұтас ел болып қауіпті індетпен күресіп жатқанда, бас пайдасын көксендердің тосын әрекеті әлі де тыйылмай тұр. Алматылық тәртіп сақшылары азаматтарды карантин аймағынан заңсыз шығарумен айналысқан такси жүргізушілерін анықтаған. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай қисынсыз әрекетпен Алматы және Алматы облысының шекарасында орналасқан екі үйдің тұрғындары айналысқан. Олар жолаушыларды қаламен облыс шекараларына өткізу және кері тасымалдаудың жоспарын жасапты.
– Такси жүргізушілерінің бірі шартты түрде қаладан клиент алып, оны Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында орналасқан жеке үйге алып барады. Клиент одан әрі жаяу жүріп, ауладанөтеді, содан кейін жалпы қақпадан Алматы облысының Қарасай ауданы, Көксай ауылында орналасқан тағы бір жеке ғимараттың ауласына кіреді. Жолаушыны қақпаның ар жағында тағы біртакси жүргізушісі күтіп тұрады және ол клиентті діттеген жеріне жеткізді. Жүргізушілер Талғарға жеткізгені үшін 8 мың теңге алған. Ал екі көрші бірадамды бір бағытқа өткізгені үшін 3 мың теңгеден алып отырған, – деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.