Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев Қарулы Күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау мақсатында әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру барысы туралы брифинг өткізді.
С.Боранбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығына сәйкес, бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда және Павлодар облыстарында аумақтық әскери бөлімшелер құрылды.
Сондай-ақ Ақтөбе және Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жалғасуда. Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында әскери бөлімшелерді жасақтаудың басталуы 13 сәуірге, Солтүстік Қазақстан облысында – 14 сәуірге, Жамбыл облысында – 15 сәуірге, Түркістан облысында 17 сәуірге жоспарланған.
– Қорғаныс министрлігі тарапынан алдын ала қабылданған ұйымдастыру-техникалық сипаттағы шаралардың, сондай-ақ карантиндік шектеулердің күрделі жағдайларында жергілікті әскери басқару органдары мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімде арнайы жиынға – 473 әскери міндеттіні, соның ішінде 71 офицер мен 402 сержантты, запастағы сарбаздарды шақыруға мүмкіндік берді, – деді С.Боранбаев.
Жергілікті әскери басқару органдарына ерікті түрде шақырылу үшін 2372 жас азамат өтініш білдірді. Ал әскери міндеттілердің орташа жасы қазіргі уақытта 27,5 жасты құрайды.
Әскери міндеттілердің 34%-ы жұмысқа орналастырылды. Олардың орташа еңбекақысы – 82 000 теңге. Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери полицияны тарта отырып, әскери міндеттілерді шақыру барысына, санитарлық-гигиеналық нормалардың, әскери тәртіптің сақталуына жүйелі бақылау ұйымдастырды. Халыққа арнаулы жиындарға шақыру шарттарын жедел түсіндіру үшін Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс істері жөніндегі өңірлік департаменттерде 4 сәуірден бастап тәулік бойы 18 Call-орталық жұмыс істейді.