Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы, бүгінгі таңда барша адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отырған, коронавирус дертінің таралуына байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан Қазақстан халқына арналып отыр.
Елбасымыз пандемия кезінде бұл сынаққа бүкіл ел болып, ұйымдасқан түрде тойтарыс беріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды іс- шараларға қолдау көрсетіп, оларға барынша түсіністікпен қарап, бір кісідей шыдамдылық танытсақ қана, әлемде қарқынды таралып бара жатқан індетке қарсы тұрып, одан аман-есен шығуға болатынын айтып, ауызбіршілікке шақырып отыр.
Бұл елімізге келген алғашқы сынақ емес, біз тәуелсіздігіміздің 30 жылға жуық мерзімінде бұдан да ауқымды, күрделі қиындықтарды бастан өткеріп, сол кезеңдерде мемлекет тарапынан жүргізілген дұрыс саясаттың нәтижесінде сол дағдарыстардан аман-есен, мол тәжірибелермен шығып, дамудың жаңа сатысына көтерілген болатынбыз.
Ширек ғасырдан астам уақытта, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әлем мойындаған мемлекетті қалыптастырып, оның ішкі және сыртқы саясаты мен экономикасын бір ізге түсіріп, халықтың болашаққа үлкен сеніммен қарауына мүмкіндіктер туғызып отыр. Оның елімізді жүйелі түрде дамыту бойынша жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаты мен мемлекетті күйзелістен алып шығу бойынша жинақтаған тәжірибесі, халқымызды бұл қиындықтан еңсесін тік ұстап, аман-есен шығуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы пандемияның салдарынан туындаған дағдарыстан шығуда, одан сабақ ала отырып, жинақталған мол тәжірибені пайдаланып, аймақ және әлем мемлекеттерімен бірлесе іс-қимыл жасай отырып, осы күнге дейін қалыптасқан достық, өзара сенім мен ынтымақтастыққа сүйенуіміздің қажеттігін айтуда.
Бұл мерзімінде айтылған өте орынды және дұрыс ұсыныс деп білемін, өйткені бұл жеке бір мемлекеттің мәселесі емес, COVID-19 індеті әлемді шарпыған пандемия, бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша ауруға шалдыққандардың саны 1,6 млн-нан асып, қайтыс болғандардың саны 100 мыңға таяған. Жаһандық індетпен басқа елдермен бірлесіп, қоян-қолтық күресуге біздің біліктілігіміз бен тәжірибеміз жеткілікті, еліміз тәуелсіздік жылдары белсенді сыртқы саясат қана жүргізіп қоймай, беделді халықаралық ұйымдарды абыроймен нәтижелі басқарып, аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болды.
Мемлекетіміз індеттің алғашқы тарала бастаған кезінен оны жіті бақылап, әлем елдерінің бұл дертке қарсы ұстанған саясаттарын саралап, бүгінде оның ел ішінде кең түрде таралып кетпеуі үшін нақты шаралар жүргізуде. Әлеуметтік тұрғыда халыққа жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әлемді жайлаған індеттен аман-есен, мейлінше аз шығынмен шығу біздің өзімізге байланысты екені белгілі, біз тарихтан басымыздың бірікпеген кезеңдерінде халықтың қандай қасіреттерге ұшырағанын жақсы білеміз, сол себепті еліміз үшін күрделі кезеңде бірлігімізді арттырып, біртұтас, ұйымшыл болуымыз қажет.
Нұрлан СЕЙДІН,
«Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты
АЛМАТЫ