• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2020

Оразаға санаулы күндер қалды

533 рет
көрсетілді

Әлем мұсылмандары асыға күтетін он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айының қарсаңында тұрмыз. Аллаға иман келтірген мұсылман баласы үшін бес парыздың бірі саналатын оразаның орны бөлек.

Әлемдік статистикаға үңілсек, соңғы күндері жаһан жұртшылығын үрей құшағына алған қатерлі пандемияның қарқыны сәл де болса бәсеңсіді. Жай кезде ойы біріге бермейтін әлем халқының қазіргі тілегі бір. Ол – қауіпті індеттің келмеске кетуі. Қасиетті ай қарсаңында әсіресе, мұсылман қауымы қиындықтың беті бері қарап, қалыпты өмірге қайта қадам басуды үміт етіп отыр. Мұны әлеуметтік желілердегі «Рамазанға дейін аты жаман тұмау тоқтасын» деген сарында жазылған тілектер тізбесі мен жарияланымдардан анық байқауға болады.   

Ауыз бекітсем деп ниет қылған ағайынға  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтының ішінен қосымшасы іске қосылғанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім. Аталған сайттан Рамазан айына қатысты бүкіл мәліметтерді табуға болады. Азаматтар көкейде жүрген сауалдарын осы қосымша арқылы білікті имамдарға жолдауына да мүмкіндік ашылып отыр.

«Құран айын асыға күтіп жүрген жандар бізге жиі хабарласуда. Көпшілігі сәресі мен ауызашар, оразаны бұзатын және бұзбайтын нәрселер, басқа да түрлі сұрақтарын қойып жатады. Мақсатымыз – тұрғындардың діни сауатын ашып, дұрыс бағыт-бағдар беру», дейді ҚМДБ өкілдері.

Ал оқырмандар тарапынан басқа да қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚМДБ Орталық аппараты жанынан ашылған Діни ақпарат орталығына (Сall-center) 33-30-30 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Биыл қасиетті Рамазан айы 25 сәуірде басталады. Ал, 20 мамырдан 21 мамырға қараған түні мұсылман жамағаты  Қадір түнін қарсы алса, Ораза айт мейрамы 24 мамырда.