• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Таным 14 Сәуір, 2020

Аңызға айналған абыз

766 рет
көрсетілді

Бірде күздей шуақты, бірде қыстай қатты, бірде көктемдей құлпырған, бірде жаздай жайнаған өмірде қазақтың талай жақсы-жайсаңдарының көзін көріп, олармен ағалы-інілі сыйласып, жақын ғұмыр кештім. Сондай ерен азаматтардың бірегейі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен ақын Кәкімбек Салықов. Көзі тірісінде талай биікті бағындырған тұғырлы тұлғаның елге жасаған қызметі, тіршілікте қалдырған ізі айқын. Ақынның «Бір ауыз сөз» атты өлеңі, оған жазылған тамаша әуезді әні есіме түсіп, абзал ағамыз туралы бір ауыз сөз айтуды жөн санадым.

Жұртшылық ардақты азаматтың ақындығын, қарымды қайрат­кер­лігін жақсы біледі. Шын мәнінде, бұл кісі «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Адам­­гершілігі мол, парасат-пайымы те­рең, білімі мен білігі тең тұлға еді. Та­рих­ты, халқымыздың әдет-ғұрпын өте жақсы білетін. 1992 жылы ақпан айын­да Көкшетау облыстық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалдым. Бұл – еліміз егемендік алып, нарықтық қатынасқа енді қадам басқалы тұрған шақ болатын. Алдымыз бұлдыр, көңі­лі­мізде күмән көп еді. Бірақ әр қазақ­тың бойында кеңес империясының қамытынан босаған «азатпыз» деген рух атойлап тұрды. Міне, осы рух бізді талай қиындықтан алып шықты.

Дәл сол жылы көрнекті қайраткер, тар­лан ақын алпысқа толды. Мұны Көк­ше­тауда кең көлемде атап өттік. Ағамыз Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында туғанымен, балалық шағы Көкше жерінде өткен. Кезінде он төрт жыл Қазақстан үкіметін басқарған Бәй­кен Әшімов ағамыз мұғалім болған, атақ­­ты архитектор Шота Уәлиханов оқы­ған, басқа да елімізге белгілі азаматтар қанаттанған Сырымбет мектебінде білім алған. Сондықтан Кәкімбек ағаны көк­шетаулықтар да жерлесіміз деп мақ­тан тұтады.

Осы кезде Кәкімбек ағамен жақын та­ны­сып, арамызда ағалы-інілі сый­лас­тық орнады. Бұрын да бұл кісінің қай­рат­керлігі мен ақындығын жақсы біле­тін едім, енді жақыннан тани түстім. Сонда әңгімелесіп отырғанда ол кісі ел ішіндегі бірнеше мәселеге ой тастады. Сол жылы Кенесары Қасымұлының 190 жылдығын атап өтуді Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы қолдады. Бұл үлкен оқиға еді. Кеңестік дәуірде қазақтың соңғы ханының есімі мен оның ұлт-азаттық көтерілісі туралы айтқызбады. Ол жайында сөз қозғағандар қуғынға түсті. Енді тәуелсіздік алдық, ұлы бабамыздың аруа­ғын ардақтауға да сәт туды. Асыл ердің тойы облыстық деңгейде ұйым­дас­тырылғанымен, республикалық кө­лем­де болды. Алматыдан еліміздің Мәде­ниет министрі, әйгілі композитор Еркеғали Рахмадиев пен атақты академик Манаш Қозыбаев бастаған зиялылар келіп, ғылыми конференцияда байыпты баян­дама жасады. Сол айтулы оқиға қар­саңында Кәкімбек ағамен сыр тартып ақылдасқанда, ол: «Кенесарының тойын өткізу керек, қазақ үшін жанып кеткен тұлға. Мен де өзімше осы тойға үлес қоссам деп дайындалып жүрмін» дегені бар еді. Сөйтсем, ақын сол кезде «Кенесарының соңғы сөзі» деген поэмасын жазып жүр екен.

1993 жылы Көкшетауда Ақан сері бабамыздың 150 жылдық мерейтойы өтті. Тойға дайындық бір жыл бұрын басталды. Алдымен серінің кіндік қаны тамған Қоскөлден жаңа ауыл салынды. Енді Ақан серінің ескерткішін тұрғызу керек. Осы жайтты Кәкімбек ағама айтып едім, ол: «Төлеген Досмағамбетов деген талантты мүсінші бар, өзі Ақан серіні жақсы көреді, поэзияны да терең біледі, соған ұсыныс айтып көр», деді ойлана тіл қатып. Ақыры, оны Төлеген ағамызға жасаттық. Ақан атамыздың ғажайып болмысын бейнелеген ескерткіш елдің көңілінен шықты.

Кәкімбек ағамыз оқыған Сырымбетте ертеде Шоқанның әжесі Айғаным хан­ша­ның қонысы болды. Оны жұрт «Хан ордасы» деп атаған. Шоқан Уәли­ха­­новтың бір еңбегінде ұлы ғалым әже­сінің қонысын өз қолымен салған сурет­тері берілген. Сол жылдары хан орда­сын қайта қалпына келтіруді қолға алдық. Оны облыстағы орман шаруа­шы­лық­та­рына «әрқайсысы бір-бір ғимарат са­лу­ға» деп тапсырма бердім. Ақыры бұл жоба жүзеге асты. Қазір бұл ел адам­­дары ғана емес шетелдік қонақтар бара­тын кие­лі орынға айналды. Осы бас­та­маны Кә­кімбек ағамыз қатты қолдап, риза­шы­лы­ғын білдірді.

Қазір ойға алсам, талантты тұлғаның өмір жолы тақтайдай түзу болды деп айта алмаймыз. Ол кісі 1932 жылы өмір­ге келгенде Кеңес өкіметінің қолдан ұйым­дастырылған солақай саясатының ке­сі­рінен халқымыз аштықтан қынадай қы­­рылып жатты. Осы жылы жарық дү­ние­ге келген сәбилердің тірі қалғаны си­рек. Солардың бірі – Кәкімбек аға­мыз. Шал ақын секілді дүлдүлдер туған топырақтан өнген өреннің ақын бол­мауы да мүмкін емес. Ол Ақан се­рі­мен аталас, Үкілі Ыбыраймен ауыл­дас болғандықтан ба, жас күнінен ел ішін­де­гі ескі сөзге, өлеңге жақын болып өседі. Кәкімбек ағамыздың айтуынша, әке­сінің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тыр­биевтен тәлім-тәрбие алады. Мол­дах­мет атасы оны бала күнінен өнерге баулып, домбыраға үйретеді. Өнерге жақын ол мектепте өте жақсы оқып, күміс медальмен тәмамдағаннан кейін ақбас Алатаудың етегіндегі әсем қала­да оқысам деп армандайды. Бірде халық ақыны одан қандай мамандықты таң­да­ға­нын сұрайды, сонда сезімтал бозбала: «Ақын немесе журналист болсам» дейді. Сол мезетте Молдахмет атасы оған ойлана қарап: «Кәкімбек қалқам, үміт күткен өз баламсың, ақылың жетсе, Қаныштың оқуына бар. Көкшенің толып жатқан тауларында, анау Жалғызтауда, мына тұрған Сырымбет пен Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Олай емес, Қаныш Жезқазғанды қалай жарқыратты, оның болашағын айтқанда біз таңғалдық. Соғыстан жүдеп шыққан ел жаңа ғана есін жинап келеді, сен ер жігіт болам десең, Абай айтқандай атаңның емес, Отаныңның баласы болуға тырыс. Қаныштың оқуына бар, жолақысын өзім төлеймін», деп батасын беріп, арман жолына шығарып салады.

Дуалы ауыз қарияның ақ батасы қабыл болып, Алматы емес, Мәс­кеу­дің Түсті металлургия және алтын ин­с­титуты­на түсті. Оны 1955 жылы ойда­ғыдай аяқтап, ұлы ғалымның жолы­мен Жезқазған кенішіне қатардағы маман болып қызметке орналасты. Аға­мыз­дың нағыз тас шайнап, мұз жалайтын, жігер­лі жастыққа толы жиырма жылы Жез­қаз­ған­да өтті. Шахтадағы қарапайым кен ше­берінен лауазымдық қызметке дейін көте­рілді. Салықовпен бір ауылда өскен досы, академик Аманжол Қошанов оның мыс қорын тауып, Жезқазған зауытын іске қосқаны үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынылғанын айтады. Сол кезде оның жасы қырыққа жетпеген. Ол кезде мұндай жоғары мәртебелі атақ­қа екінің бірі ұсынылмайды. Сөйтіп Жезді өңірінде оның жақсылыққа толы жар­қын ізі қалды. Кейін Жезқазған облыс­тық партия комитетінің екінші хат­шы­лы­ғы­­нан Қазақстан орталық комитетінің ап­па­ратына шақырылды. Осы жерде он жыл­ға жуық жемісті қызмет етті.

Көрнекті тұлғаның қайраткерлігін барынша танытқан тағы бір тұс бар. 1984 жылы ол Өзбекстан КПОК-тің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Бұл жоғары қыз­мет­ке Кәкімбек аға оңай бара қалды деп ойла­маймын. Кеңес өкіметінің кадр ір­ік­­теу­дегі тәртібі өте қатал. Ол сыннан мү­дір­мей өту үшін барлық біліктілігіңіз бен білімділігіңіз сынға түседі. Міне, осы сыннан ағамыз мүдірмей өте білді. Негізі Қарақалпақ автономиялы респуб­ликасы 1932 жылы құрылып, 1936 жылы Өзбек КСР-нің құрамына кірген, астанасы – Нөкіс қаласы. Кәкімбек ағамыз бұл елде де аянбай еңбек етіп, автономиялы республиканың дамуына күш салды. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге мән берді. Қарапайым, азаматтығы мол басшыны ел тұрғындары да жақсы көріп, қадірледі.

Кәкімбек Салықов Қарақалпақстанда бас­шылықта болған жылдары Арал те­ңі­­зінің мәселесімен терең айналысты. Өйт­кені жер бетінен өшіп бара жат­қан теңіздің зардабы алдымен ірге­лес жатқан екі елдің экологиясына қат­ты әсер етті. Сондықтан ол Арал теңі­зі­нің проблемасын өте жақсы білді. Арал­дың ауыр жағдайына байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Сол уақыт­тағы экология мәселелеріне жауапты Гос­гид­ро­меттің басшысы Ю.Израэль мен­ КСРО Ғылым академиясының вице-пре­зи­денті В.Коптюг басқарған үлкен комиссия Нөкісте жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Коммунистік пар­тия­­ның Орталық комитеті мен КСРО Ми­нистрлер кабинетінің Арал теңізі туралы, оның ішінде Қарақалпақстанның жағдайы жөнінде қаулы қабылданды. Ол кезеңде кез келген мәселе қаулы арқылы жүзеге асады.

Абзал азаматқа байланысты өмі­рім­нен бір мысал келтірейін. Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары болып жүргенде Арал проблемасымен мен де шұғылдандым. Бірде қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен ағайындармен ресми түрде кездесіп, теңіз мәселесін талқыладық. Жиынға Өзбекстан Премь­ер-министрінің орынбасары Исмаил Жора­беков қатысты. Беделді, білімді азамат. Ол комиссия отырысында кейде қызынып сөйлеп кетеді. Ондай кезде оны сабырға шақырып: «Исмаил-ака, бұл жағдайды Кәкімбек аға «былай айтқан» десем, сөзге тоқтап, қос қолын көтеріп, қолдап шыға келеді. Сонда Кәкімбек Салықовтың Өзбекстандағы беделі мен Арал теңізінің проблемасын жетік білетін білікті маман екеніне көзім жетті. Ағамды одан әрі жақсы кө­ріп кеттім.

Жалпы, экология мәселесі қазір де күн тәртібінен түскен емес. Ол біздің елді ғана емес, жалпақ жұмыр жердің тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Кәкімбек Салықов Қарақалпақстаннан кейін Мәскеуге жоғарылап, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшесі секілді лауазымды қызметті ат­қар­ды. Шын мәнінде, қазақ арасынан бұрын-соңды мұндай қызметке таға­йын­дал­ған қандастарымыз санаулы. Бұл екі адамның біріне қона бермейтін бақ десек болады. Бұл кісі осы қызметті де абыроймен алып шықты. Сол кездегі одақтас республикалардағы экология мәсе­лесін көтерді. Оның ішінде, әсі­ресе Қазақстанның экологиялық проб­­лемасын жоғарыға жеткізіп, шешілу жол­­дарын іздеді. Қомақты қаржы бөлуге сеп­тігін тигізді. Арал теңізін эко­ло­гия­лық аймақ деп тануға күш салды. Бір сөзбен айтқанда, Салықов Мәскеуде де ешқа­шан өшпейтін соқпағын қалдырды.

1997 жылы қараша айында еліміздің бас ордасы Ақмолаға көшті. Мен сол кезде Ақмола облысының әкімі едім. Сол жылдары қаладағы мәдени мекемелерді астаналық деңгейге көтеру оңай болмады. Енді Алатаудың етегіндегі әсем қаладан Ақмолаға зиялы қауым өкілдері қоныс аудара бастады. Сондай зиялы азаматтардың қатарында елордаға алғаш табан тірегендердің бірі Кәкімбек ағамыз. Елбасының бастамасына үлкен қолдау көрсетті. Ақыннан осы жайында ептеп сыр тартқанда: «Бұл мемлекет басшысының батыл қадамы. Қазақ елінің тарихи кезеңі деп бағалаймын. Ұлы көштің болашағы зор. Сондықтан бұдан мен де сырт қалмай, өз үлесімді қосу үшін Ақмолаға келдім» деп еді. Абзал азамат бас шаһардың рухани-мәдени дамуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Елдің бас ордасы туралы тамаша өлеңдер жазды, бірнеше жыр жинағы жарық көрді. Бұл кісі қоғамдық жұмыстан да тартынып көрмеген. Қазақ КСР Жо­ғар­­ғы Кеңесіне үш мәрте депутат болды. Халықаралық Қаныш Сәтбаев қо­ры­ның президенті болған кезде ұлы ға­лым­ның еңбектерін жарыққа шығару мен наси­хат­тауға көп үлес қосты.

Ақынмен өмірінің соңғы жылдары жиі араластым. 1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төра­ғасы болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, немере ағам Фазыл Кәрібжановтың өмір жолы мен тұл­ғалық қасиеті жайында «Заман сыры» деген поэма жазды. Осы шығарманы жазып жүргенде ақын: «Қайраткердің туған жерін көзіммен көрсем» деген ойын айтты. Сөйтіп екеуміз жеңіл көлік­пен Омбыға сапарға шықтық. Әжімбет би бабамыз басқарған Бурабай мен Айыртаудан жаңа жерлерді игеруге қоныс аударған ұлы көштің жолымен жүріп отырдық. Жол бойы әңгіме тиегі де ағытылды. Ағамыз бұл өңірде туған тұлғалар мен тарихты өте жақсы біледі. Бірде көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасовтың ауылы тұсынан өтіп бара жатқанда, ол туралы көптеген деректі айтты. Енді бір бүйірде әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың аталарының ауылынан өткенде Ермек ағамыз жа­йында әңгімеледі. Қиын-қыстау жылдары Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметовтің туған жеріне келгенде ол туралы тағылымды естелік өрбітті. Сөйтіп Омбыға жеттік. Қалаға кіргеннен кейін алдымен Шоқан Уәлиханов оқыған кадет корпусына бардық. Бізді аталған оқу ордасының басшысы, полковник, Кеңес Одағының Батыры Н.Кравченко жылы қарсы алып, ілтипат көрсетті. Кадет корпусының музейіне алып барды. Онда қазақтың ұлы ғалымының портреті тұр екен. Суреттің астында бір сарғайып, қобырайып тұрған қағаздарды көріп, Кәкімбек аға оған: «Ғалымның еңбектері осы ғана ма?» деп сұрады. Ол: «Иә» деп жауап берді. Содан ақын сол жердегі тұрғандарға Шоқанның тарихшы, шығыстанушы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы секілді сан қырын кеңінен әңгімеледі. Олар аузының суы құрып тыңдады. Енді бір бұрыштан генерал Л.Корниловтың суретін көріп қалған ағамыз оның да тарихынан сыр тартып, анасы қазақ болғанын баяндады. Кейін тағы Омбыға жолым түскенде арнайы кадет корпусының басшысына Шоқан Уәлихановтың 35 жыл бұрын орыс тілінде жарық көрген шығармалар жинағының бес томдығын апарып бердім.

Бұдан кейін Омбының аграрлық университетіне бас сұқтық. Бұрын бұл оқу ордасын ауылшаруашылық институты аталған кезде тәмамдаған едім. Кезінде мұнда қазақтың көптеген зиялы азаматтары білім алды. Бізді осындағы жол бастаушылар университет тарихынан сыр шертетін мұражайға ертіп барды. Кәкімбек аға музейдегі экспозициямен толық танысып шықты. Сосын музей басшысына: «Осы университеттің түлегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжанов туралы кең экспозиция жоқ екен. Неге арнайы орын бермедіңіздер», деп кейістік танытты. Музей басшысы: «Біз бұл жерге Кеңес Одағының қайраткерлерін кең көлемде кіргізген жоқпыз. Тек атақты ғалымдарға ғана арнайы орын бердік», деп ақталды. Ол кісі тағы да: «Егер ға­лым­­дар болатын болса, осы оқу ордасы­нан білім алған көрнекті энергетик, академик Шапық Шөкин, академик, химик Әбікен Бектұров, жазушы-академик Ғабит Мүсірепов туралы ешқандай дерек жоқ» деп сауал тастады. Мұражай директоры ләм деп үн қатқан жоқ. Осы сапарда ақын біздің ауылға барып, Фазыл ағаны көзі көрген үлкендермен әңгімелесті. Аталарымыздың ескі жұртын аралады. Қайраткердің анасының басына барып, құран оқыды. Бейіт басында өсіп тұрған ақ қайыңды көріп, толқыған сезімнен «Асыл ана зиратында ақ қайың» деген жыр жазды. Кейін Фазыл ағаның жүз жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтуге де зор үлес қосты.

Кәкімбек ағамыздың бойына Алла та­ғала бар өнерді дарытқан. Бас­қа­ру қабілетінен ақындық қабілеті де бір мысқал кем емес. Ол қайда жүр­се де әдебиетке бір бүйрегі бұрып тұр­ды. Лауазымды қызмет атқарған аза­мат­тардың өмірде жауы да, досы да жетер­лік. Бірақ кімнің дос, кімнің қас екенін айыру қиын. Қайраткер жоғары қызметте жүргенде түрлі оқиғаларды бастан кешті, өкініштен бармақ жалап, опынған да болар. Бірақ өмірде кездескен қараулықты, сатқындықты, екіжүз­ді­лікті, дойырлықты жеңу үшін адамға қа­жымас қайрат, табанды мінез қажет. Ал егер ол адам жаны нәзік ақын болса ше?!

Ақын бір сөзінде: «Мұң кешпейтін адам жоқ. Мен де мұң кештім. Адам ақын болу үшін көп оқу керек. Көркем, бейнелі тілсіз ақын болмайды. Халықтың адамы болғандықтан, басыңды шауып алса да шындықты айту қажет. Ал ол үшін үлкен жүрек керек», деп айтқан екен. Осының өзінен оның адалдықты ар тұтатыны байқалып тұрады. Ақынның алғашқы «Сыр» атты жыр жинағы 1970 жылы жарық көреді. Сол жылы «Жезкиік» атты поэзия кітабы орыс тіліне аударылып, жарияланды. «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» және Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов, Бәйкен Әшімов туралы поэмалар жазды. Шетел ақындарының да кітаптарын ана тілімізде тамылжытып сөйлетті. Халқымыздың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевты аузынан тастамайтын. «Мағжан қазақтың маңдайына сыймай кетті, әйтпесе оның ақындығы Пушкин немесе Лермонтовтан кем емес» деп айтып отыратын. Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев секілді танымал композиторлар ақын өлеңдеріне ән жазды, қазір жұртшылық сүйіп айтатын туындыға айналды. Халқымыз ақынды «Қазақтың жезқанатты жезкиігі» деп қадір тұтты. Ақын­ның қаламгер інісі Төлеген Қа­жы­бай: «Кәкімбектің кенші болып қалып­тасуы биік мансапқа жеткізсе, Кәкімбектің ақын болып қалыптасуы оны мансаптан да жоғары азаматтық белес­терге жезкиіктің тұяғына, аққу құстың қияғына ілестірер қарқынды қуатпен тым шығандатып, әуелете көте­ріп әкеткен еді», деп парасатты пікірін біл­ді­ріпті.

Ол кісі ешқандай менмендігі жоқ, адами болмысы көркем, мәдениеті биік, ғажайып азамат болатын. Ағаның отбасы да жұртқа үлгі, Мәриям апай екеуі Мәскеуде танысып, шаңырақ көтерген. Екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олар­дан немере сүйіп, бақытты ата-әже болып ғұмыр кешті. Ағамыз жүрек сырын ақтарып, 1954 жылы жазылған «Қызға хаттан» бастап, өмірінің ақырғы кездеріндегі «Күзгі романс» өлеңінің ара­сында Мәриям апамызға көптеген жы­рын арнады. Бір өлеңінде: «Махаб­батқа ризамын, тәубе деймін, Өмір сүрдім бір қызбен 55 жас», деп әсерлі түйін­деп­­ті. Қазір Мәриям апамыз аға­мыз­дың қалдырған бай мұрасына қамқор, еңбектерін жариялауға жан­ашыр болып, бала­ларымен бірге бас-көз болып отыр. Ақын дүниеден озғаннан кейін «Қазақтың жезқанатты жезкиігі» атты өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер мен «Жүрек сыры» және «Сырымбетте мектебім» деген өлеңдері мен мақалалары жинақталған кітаптары жарық көрді. Ол кісінің кейінгі ұрпаққа қалдырған қазынасы мол, әлі де талай шығармасы оқырманға жетеді деп сенемін.

Талантты тұлға бір өлеңінде «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» деп жазып­ты. Арқалы ақын сеңгірлі сексеннен ас­қан­да дүние салды. Міне, содан бері доп­­тай домалап жеті жыл өтті. Ағамыз­дың тоқ­сан жылдығы да қыр астын­да тұр. Соған орай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарлан ақын, өмірі аңызға айналған абыз Кәкімбек Са­лы­қов­тың есімін есте сақтауға респуб­ли­ка деңгейінде қажетті іс-шаралар ұйым­дастыру қажет деп ойлаймын. Хал­қы­мыз «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деп бекер айтпаған. Сол жақ­сының бірі Кәкімбек ағамыз еді…

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері