Елбасымен Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында, сонау бір қиын кезеңдерде бірге жұмыс істедік, қасында болдық. Ол кісінің талай ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсі болдық.
Елбасы қазірде елдегі жағдайға алаң болып жүр. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы соның айқын айғағы. Оқып шықтым. Жер дүниенің бәрін бүлдіріп, шошытып отырған коронавирустың пандемиясына арналған екен. Одан шығудың жолы, осыған дейін атқарылған әрекеттер, қабылданған шешімдер – бәрі қамтылыпты. Мақала қатты ұнады, көңіліме қонды. Елбасының ел тағдырын толғаған мақалалары тек бұл ғана емес қой. Бұған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылған аталы сөздерін ел болып талдады. Бұл мақалада да көп адамның көкейінде, ойында жүрген мәселелер сөз болыпты.
Кезінде «Egemen Qazaqstan» газетінде Елбасымыз туралы «Кемеңгер» деген мақалам жарияланған болатын. Өз басым Нұрекеңді бір кісідей білемін. Қазақтың арғы-бергі тарихында небір көсемдер, шешендер, жыраулар, ақындар, хандар, билер өткен. Солардың бәрінің арманы, көксегені – тәуелсіздік еді. Бірақ олар жете алмады. Ал біздің ата тарихымызда Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Неге? Менің ұғымымда ол қазақты сан мыңдаған жылдан бергі көксеген арманына жеткізген адам. Тәуелсіздік орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, мойындатты. Еліміздің экономикасын, ішкі-сыртқы саясатын қалыптастырған және оны халықаралық деңгейге көтерген адам. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл ненің арқасы? Жүйелі реформалар жүргізілді. Елімізге жаңа технология келді, кадрлар даярланды. Өндіріс өркендеді. Теміржол, көлік жолдары салынды. Неше түрлі денсаулық сақтау, білім мекемелері, ғылыми орталықтар салынды. Халықаралық жағдайда да беделіміз жоғары. Елбасымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға қатысты. Сондай-ақ Елбасының ұсынысымен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразия экономикалық одағы құрылды. Ел астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өтті. Астана экономикалық форумын өткізу де дәстүрге айналды.
Қайбір жылы Нұрекең «Осы Ұлттық қор құрсақ қайтеді? Алда әлі қиын кезеңдер болады ғой» деп ақылдасқанда кейбіреулер қарсы болған. «Одан да тапқан табысты халыққа бөліп берейік» деген олар. Әрине бұл тәжірибе араб елдерінде бар. Бірақ Елбасы айтқанына көндіріп, қорды құрды. Енді мына дағдарыста біздің абыройымызды көтеріп, етегімізді жауып отырған осы Ұлттық қор болды. Қордан қаншама қаражат бөлініп жатыр. Осының бәрі – Елбасының тиянақты саясатының нәтижесі. Ол кісінің бірігу, бірлесу, өзара ықпалдастық қарым-қатынас саясатының нәтижесі деп ойлаймын. Өсіп-өркендеуіміздің негізгі шарттары да осы. Бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе оңай шаруа емес.
Мақалада осынау пандемия кезінде тығырықтан шығудың жолдары да көрсетіліпті. Індеттің кесірінен дүниежүзіндегі алып кәсіпорындардың көбісі жұмыстарын тоқтатты. Көлік қозғалысы шектелді. Осы елордада отырып, терезеден қарап алғашқы кезде кәдімгідей үрейіміз ұшып жүрді. Ел көшіп кеткен сияқты, жұртта қалғандай күй кештік. Қазір бұған да үйрене бастадық қой. Мұнайдың бағасы құлдырап кетті. Шекаралар жабылды. Алыс-беріс тоқтады. Жұмыссыздық көбейді. Әлем елдері дағдарысқа түсті. Әйтеуір пандемияның бір пайдасы, кеше ғана бір-біріне санкция жариялап, соғыс жағдайында тұрған елдер қазір табысып, бір-біріне жәрдем беріп жатыр. Яғни бір-бірімен қырғи-қабақ болып жүрген елдер осындай қиын сәтте ынтымаққа, тәубеге келе бастады.
Мақаланың әсіресе жастарға айтылған тұстары қатты ұнады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген жастар қазір билікке араласа бастады. Енді мемлекетіміздің тағдыры солардың қолында. Елбасы сонау қиын жылдарда оларды шетелге оқуға жіберді. Мен оның бәрін жақсы білемін. Мемлекеттің қалтасы тесік, жалаң аяқ, жалаң бас отырған кезде қаражат тауып, келешек үшін осы жастарды дүние жүзінің атақты университеттерінде оқытты. Олар сол елдердің озық тәжірибесін алып келді. Енді билікке араласып жатқан сол жастарымыз өз мемлекеттік тілін жақсы білсе екен. Сол тілде ойласа, сол тілде сөйлесе, халқының әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, туған елінің тарихын жетік білсе екен. Оны білмеген жастардан көшелі басшы шыға қояды деп ойламаймын. Елбасы оларды тек оқытып қоя салған жоқ, қызметке тартты. Соңғы жылдары «100 жаңа есім» деген айдармен іскер жастарды іздеп тауып, халыққа таныта бастады.
Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы берекелі істі жалғастырып, шетелде оқып келген жастарды кадр резервіне алды. Мақалада Елбасы тәуелсіз еліміздің даму жолында жақсыны да, жаманды да бірге көріп, сенімді ақтап келе жатқан аға буын зиялы қауым өкілдеріне де тілек арнапты. Әрине аға буынның бәрі бірдей деп айта алмаймын, адам болған соң ішінде түрлісі болады. Әйтсе де қиындықта Елбасымен бірге болып, ренжісе бірге ренжіп, қуанса бірге қуанып, Елбасын қолдап келе жатқан жасы үлкендер көп.
Несін жасырайық, үдеден шықпағандар да болды емес пе? Жұлығынан май, тобығынан қан кешкісі келгендер де, құмырсқадан құдайға дейін жаулап алғысы келгендер де, сөйтіп шетте жүріп елге лаң салғысы келгендер де болды. Олар аспандағыны арбап, жердегіні жалмағысы келеді. Құдайға бойым, күнге қолым жетсе дейді. Елдің ішін сиырдың бүйрегіндей бөлшектеп, ала тайдай бүлдіргісі келеді. Ала қарғадан азаншы, қара қарғадан қазаншы сайлағысы келеді. «Жаман тайың ат болғанша өзің ит боласың» дегенді қазақ осыларға қаратып айтқан. «Жақсы би жаттың шетін ел етіп жүреді, жаман би елдің шетін жау етіп жүреді» деп те айтқан атам қазақ. Елбасының сенімін ақтаған, қашанда ол кісімен бірге болған адамдар аз емес. Ендеше біз, алдыңғы буын ағалар Елбасы Н.Назарбаевпен, отанымыздың Президенті Қ.Тоқаевпен сында да, шыңда да, қуанышта да, қиындықта да біргеміз. Біздің де бар мақсатымыз осы. Әрқайсымыз қоғамда өз орнымызды тауып, ақылды адамның сөзін айтып, таразыдан аумайтын ұрпақ тәрбиелесек дейміз. Елбасының да тілеп отырғаны осы деп ойлаймын. Біз қазір сондай заманды бастан кешіріп отырмыз. Жаңа заман, жаңа қоғам, жаңа адам қалыптасып жатыр. Үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де, осы заманға сай болуы қажет.
«Халқына бас болғаннан нөкер сайла» деп айтқан қазақ. Тарихтан жақсы білеміз ғой, биліктің ауысуы деген көптеген мемлекетте қанға апарып соғады. Тақтың сондай бір ерекшелігі бар. Құдайға шүкір, бұрын-соңды тарихымызда болмаған, өзге елдің тарихында да бола бермейтін құбылысты көзіміз көріп, басымыздан өткердік. Елбасының шешімі өте орынды болды. Еліміздің айтулы азаматы, талай сыннан өткен, мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына да міне, бір жылдан асты. Шүкір, жақсы келе жатыр. Тырнақалды тірлігін «Үкімет халықты тыңдайтын болуы керек» дегеннен бастады. Кешегі мәлімдемесінде де халықпен біргеміз деп жатыр. Апат болған, қиындық түскен жерлерге тіке өзі барып, бәрін өз көзімен көріп жүр. Бұл үлкен азаматтық деп ойлаймын.
Қазақта бұрыннан күңкіл бар. Ел ішінде жүрген соң естіп жатамыз. Қазір үлкен жиындарға Елбасы мен Президент екеуі қатар кіреді. Қатар отырады. Бұл, басқа елді білмеймін, қазақ үшін өте жарасымды. Осыны көре алмайтындар да бар. Үйде отырып алып кейбір қазақтар әжептәуір сөз қылады. Менің ойым, біздің мемлекетіміздің ұстанып келе жатқан негізгі саясатының өзі ынтымақ-бірлік қой. Сыйласқанға не жетсін?! Абай жарықтық қазақтың жер-жебіріне жеткен. Сөйте отырып қазақты сұмдық жақсы көреді. Керемет. Мұндай мінез қазақта ғана бар.
Қазір карантиннің кезінде ел тұрғындарының барлығы дерлік үйлерінде экранға тесіліп қарап отыр ғой. Әрине ән-жыр айтып, елдің көңілін көтерген дұрыс. Дегенмен де әнші, актерлердің бір-бірін насихаттағанына қарсымын. Қазір ғылым насихатталмай жатыр. Кеше біздің мәдениетіміздің тарихын жасаған Ғарифолла Құрманғалиев, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Әнуарбек Үмбетбаев, Шәкен Айманов сынды небір асылдарымыз өмірден өтті ғой. Экраннан тек әртістерді ғана көрсете бермей, арасында осы асылдарымыз жөнінде салиқалы әңгімелер айтылса, солардың өмірі насихатталса, көрерменнің айызы қанар еді. Қазақ кең қолтық, кең етек ел ғой. Тіршілікте сыйласып жүрейік. Соған ештеңе жетпейді.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері