Кез-келген мемлекеттің, қоғамның басты байлығы – адам. Халықтың денсаулығы – мемлекет болашағының негізі десек, оның жақсы, қалыпты жағдайда болуы өмір сүру салтына тікелей байланысты екендігі айтпаса да түсінікті.
Сондықтан да бұл маңызды мәселеге Елбасы үнемі айрықша көңіл бөліп келеді. Жаһандық деңгейде адамзат үшін індет болып танылған - коронавирус дертіне қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды. Жаһандану кезеңінде әлемдік саясатта, халықаралық қатынастар жүйесінде өзіндік орын алып отырған қазақ елінің жетістіктері, бейбітсүйгіш саясаты, табыстары Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен тығыз байланысты. Кемел тұлға ретіндегі Елбасымыздың дарындылығының нәтижесінде, посткеңестік кезеңдегі қиын-қыстау кезде қазақ елін жарқын болашаққа бастай білді. Құнды тәжірибелерді халық даналығымен ұштастырып келе жатқан Президентіміз, қазіргі ғаламдану кезеңінің қауіп-қатерлеріне тосқауыл қойып, өз халқының және әлем мемлекеттерінің болашақта «бейбіт өмір сүріп, жаңа серпіндер, жетістіктерге жете беруін» қандай жағдайда жүзеге асыруға болады деген маңызды мәселелерді көтеріп келеді. Қазіргі таңда халық денсаулығына, халықтың өміріне қауіп төніп тұрған кезде де бағдаршамдық өз ұстанымдарын жариялап отыр. Бұл, тұжырымдамалық – мазмұндағы және рухани жауапкершілікті жүктейтін жаңа өмірлік ұстанымдарын айқындайтын мақала.
Біріншіден, мақалада, «Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кіріскені, тиісті сақтандыру шараларының жасалғаны, мемлекеттік органдардың арнаулы дайындықтан өткізілгені» нақтыланды. Шындығында, Қазақстан Республикасы халқы денсаулығының жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және денсаулық сақтау жүйесiнiң дамуы соңғы онжылдықта оң үрдiстермен сипатталды. Соңғы жылдары негiзгi медициналық көрсеткiштердi — тууды, өлiм-жiтiмдi, өмiр сүрудің орташа ұзақтығын тұрақтандыруға қол жеткiзiлдi. Жұқпалы аурулармен ауыру төмендедi. «Салауатты өмір салты» бағдарламасы аясында Салауатты өмір салтын қалыптастырудың кешенді, үзіліссіз және орнықты жүйесін құру бойынша іс – шаралар кешені 3 кезеңде жүргізілді. Осы бағдарлама аясында, шекараны санитариялық қорғау жүйесі қалыптасты, мемлекеттік шекарада ел аумағын аса қауіпті инфекциялық аурулардың әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ететін санитариялық-карантиндік пункттер желісі кеңейтілді. Жалпы дәрігерлік практика қағидаты бойынша жұмыс істейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметін реформалау жүргізілді, қанайналым жүйесі ауруларын ерте анықтау мәніне балаларды, ересектерді профилактикалық қарап-тексеру, ұрпақты болу жүйесінің онкопатологиясын ерте анықтау үшін әйелдерді скринингтік зерттеу жүргізілді. Осы шаралар негізінде, елімізде халық денсаулығын сақтау бойынша маңызды шаралардың жүргізіліп отырғандығын және оның жалғасын табатындығын айқындаймыз.
Екіншіден, Елбасы мақалада, «Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым. Егемендіктің бастапқы жылдарында іргелес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесін түбегейлі шешкеннен кейін түрлі деңгейдегі ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді», деп айшықтайды. Қазіргі таңдағы жағдай кезінде Қытай Халық Республикасынан дәрігерлердің жіберілуі, дәрі-дәрмекпен көмектесуі де осының айғағы іспеттес.
Дүниежүзілік тәжірибеде, аз ғана уақытта халықаралық қауымдастыққа танылған мемлекеттер басшылары ішінен, халықаралық бейбітшілікті нығайту жолында бастамалар көтеріп, әлемдік деңгейде танылып отырған көшбасшылар саны мүлдем аз. Бейбітсүйгіш, дамыған елдің көшбасшысы ретінде біздің Елбасымыз осы қырларымен халықаралық беделге ие болып келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті, қазақ тарихында биік тұғырлардан орын алып, елдің елдігі және ұрпақ болашағы үшін бар күш - жігерімен халқына қызмет атқарып, халқының ұйытқысы болған асқақ рухтағы тұлға.
Үшіншіден, мақалада «Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал», делінген. Аталмыш бағыт өте маңызды, себебі халық денсаулығына, өміріне қауіп төнген кездегі ең өткір ішкі саяси мәселелердің қатарына саяси тұрақтылықты сақтау кіреді. Қазіргі терең құрылымдық-функционалдық өзгерістер кезеңінде қоғамдық қатынастардың дамуын, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрақтылықты сақтау міндеті қойылады. Сондықтан, еліміз үшін сыртқы арандатушылық топтардың ықпалына, олар құрған торға түспей, «революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен» дамуды жалғастырып, қиыншылықтардың барлығын жалпы халық болып жеңе білуіміз – ортақ ұлттық мүддеміз болып табылады.
Елбасы бастаған сара жолдан айнымай, саяси жаңғыртуды жалғастыру саясатын өзекті, өткір мәселе деп санаймын. Дер кезінде іргелі қайта құрылымдарды жүргізе алмаған ел – жаһандық жаңа қауіп-қатерлеріне қарсы тұра алмайды және мұндай тұрғыдағы мемлекет өз дәуірінің кеңістіктік-уақыттық контентінен тыс қалып, тарихи дамудың жаһандық процестерінен қалып қою қаупі төнетіндігі баршаға мәлім.
Қазақстан халқы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті дара тұлғамызды мақтан тұта отыра, бейбітшілікті, халықаралық қауіпсіздікті сақтауға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған саясатына, бастамаларына толық қолдау көрсетіп отырды. Елбасының әлемдік саясаттағы бұл сара жолы, жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандықты патриоттыққа, мақтаныш сезіміне жетелейді деп ойлаймын. Коронавирус індеті қаупі төніп тұрған жағдайда да, халқына дем беріп, тығырықтан шығар жолдарды ұсынуы да – жаһандық сын-қатерлер талабынан туындаған батыл қадамдар. Осы тұрғыда, жастарымыздың бойында Қазақстан елінің бірлігіне, территориялық тұтастығына қауіп төндіретін – шовинизм, ксенофобия, трайбализм, діни төзімсіздік сияқты жалған идеялардың таралуын тоқтатуға үлес қосу– біздің ұрпақтың басты мақсаты.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы да осындай қиын қыстау шақта біз Елбасымен біргеміз, халықпен біргеміз, індетті жеңу үшін барлық күш - жігерімізді жұмсаймыз деп мәлімдейміз. Жастарға патриоттық рухани тәрбие беруді басты мақсат қойған университет ұжымы - «түрлі түсті революцияларға қарсы» жастардың бойында иммунитетті дамытып, елін, жерін, мемлекетін сүюге баулуды ең басты мақсаты санайды.
Өз кезегінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де карантин кезінде негізгі мақсатын жүзеге асыруда. «ИСВУЗ» ақпараттық жүйесі, «Zoom» стримингтік сервисі, «Прометей» жүйесі ақпараттық ресурстары арқылы ГУГЛ КЛАСС РУМ, КУРСЭРА онлайн платформалары тағы басқа оқытудың қашықтан білім беру технологиялары мен әдістерін қолдана отырып, оқытуды қамтамасыз етуде. Оқу процесін ұйымдастыру белгіленген оқу жүктемесіне, оқу жұмыс жоспарына, оқу бағдарламаларына, сабақ кестесіне және графигіне сәйкес жүзеге асырылуда.
Елдеріне қайтпай білімін жалғастырып жатқан шетелдік студенттерге жатақханада қашықтан білім алуға мүмкіндіктер жасалып, интернет және Wi-Fi жүйесімен қамтамасыз етілді. Оқумен қатар тәрбие жұмысы да қашықтықтан ұйымдастырылып, #онлайнсабақОҚМУ, #Abai175 челендждерін Қазақстан жастарына жариялауда. Оқытушылар мен студенттерден құралған еріктілер тобы әлеуметтік мұқтаж топтағы балалар және қарттар үйлеріне арнап медициналық бетперделер тігіп берді. Оқытушы профессор құрамы мен қызметкерлер жалақыларынан қол үзбей карантинде онлайн жұмыс кестесіне көшірілді.
Елбасының індетті ауыздықтаудағы арманы мен мақсаты елімен еншілес екені даусыз. Осындай сын сағаты кезінде үрейден аулақ болып, сенімді жоғалтпайық. «Тату үйге тақсірет жуымайды» дегендей, көпұлтты Отанымызда бүл мәселені тек бірлік арқылы еңсереріміз даусыз. Майқы би айтқандай «Береке түбі-бірлік, Бірлік түбі-тірлік, Жеңіс түбі-ерлік!». Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ!
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры