Covid-19-дың таралуының алдын алу мақсатында елдерде өнеркәсіптік өндіріс қысқарды. Карантин режіміне көшкен сәттен бастап шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын көптеген компаниялар қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болды. Қызметкерлері қысқартылды немесе ақысыз демалысқа жіберілді. Бұған дейін де елдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының мейманасы тасып тұрған жоқ еді.
Бүгінде кәсіпкерліктің шағын және орта түрімен айналысатындар саны 1,3 млн-нан асады деген ақпарат бар. Десе де, 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша шығарылатын өнімдердің 87 %-ы 265,8 мыңға жуық заңды тұлға ретінде тіркелген кәсіпкерлерге ғана тиісілі екен. Дәл қазіргі карантин режіміндегі жағдайда шағын және орта кәсіпкерліктің жағдайы қиын әрі уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Бұл салада экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 36%-ы яғни, 3,3 млн қызметкер барын ескерсек, саланың қайтадан жандануы үшін мемлекет барынша қолдау көрсетуге ниетті.
Кез-келген дамыған елдің экономикасы үшін негізгі драйвер саналатын шағын және орта кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамту мәселесін шешумен қатар, экспорттық әлеуеттің өсуін және ішкі рыноктың тұтыну тауарлары мен қызметін қамтамасыз етеді. Бұған қоса бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтады және халықтың әл-ауқатын арттырады. Сондықтан да Үкімет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына басымдық беріп, түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар көлемін арттыруды көздейді.
Елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі жоғары болған сайын, халықтың әл-ауқаты соғұрлым жоғары және экономика қарқынды дамиды. Дамыған елдерде бұл үлес 50%-дан асады. Мысалы, Ұлыбританияда 51%-ды, Германияда 53%-ды, ал Жапонияда-75% - ды құрайды. Қазақстанда 2019 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 29,5%. Үкімет 2050 жылға қарай 50% - ға қол жеткізуді жоспарлап отыр. 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда шамамен 1,6 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген, олардың 1,3 млн-ы белсенді кәсіпорындар санатында. 2019 жылмен салыстырғанда биыл жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 4% - ға артқан. Кәсіпкерлікпен айналысатындардың басым бөлігі Алматы қаласында, Түркістан облысында және Нұр-сұлтан қаласында шоғырланған. Бұл өңірлер жалпы өңірлік өнімнің 35% -дан астамын, бюджетке түсетін түсімдердің 50% -дан астамын құрап отыр. Бұл көрсеткіштен басқа өңірлердің үлесі аз екенін көруге болады.
Біздегі кең таралған кәсіпкерлік қызмет түрі көтерме және бөлшек сауда. Бұл салада ШОК субъектілерінің үштен бірі немесе 442 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауыл, орман және балық шаруашылығында 252 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді екен. 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ШОК субъектілерінің өнім шығару көлемі 21,1 трлн теңгені құрады. Ескеретіні, бұл ретте жеке кәсіпкерлер өнімнің 7,7%-ын ғана шығарған. Негізгі 87% шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғаларына тиесілі. Қалған 5,2% шаруа қожалықтарына тиесілі екен. Біз шағын және орта кәсіпкерлік дегенде алдымен шаруа қожалықтарын көзімізге елестетеміз. Бізде шаруа қожалықтарынан гөрі негізінен алып-сатарлықпен айналысатын кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлғалар саны басым болып тұр. Сол себепті елдегі шағын кәсіпкеріліктің 20% -ы, сектордағы жалпы түсетін табыстың 60%-ын тауып отыр екен. Ал халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс шағын шаруа қожалықтары өлместің күнін көріп жүр.
Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет экономиканы тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар легін қабылдады. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындарды төтенше жағдай кезінде уақытша салық пен төлемдерден босатып, салықтық тексерулер тоқтатылды. Екіншіден, жылдық мөлшерлемесі 8% - дан аспайтын 1 жылға арналған жеңілдетілген несие берілмек. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру көлемі артып, отандық бизнесті қолдауға 1 трлн теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, 700 млрд теңге қайта өңдеу мен өндіріске, ал 300 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге бағытталады деп жоспарлануда.
Алдағы уақытта бұл саланың бағыт-бағдарын айқындап, «алып-сатарлардың» емес, отандық өнім өндіріп, халықтың аузын асқа, қолын іске іліндіріп отырған шаруаларға басымдық беру қажеттігі туындайды. Қысқа күнде қырық құбылған қаржылық дағдарыс сырқы өнімге тәуелдіктен арылтудың маңыздылығын көрсетіп отыр.