Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қытайдың еліміздегі елшісі Чжан Сяомен кездесу өтті. Онда қазақстандық тарап қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақалаға қатысты наразылық білдірілді.
«Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылғы 11 қыркүйекте мемлекеттер басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтіндігі айтылды. Тараптар ақпарат тарату және БАҚ саласында тығыз өзара ықпалдасуға келісті», делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.
Сондай-ақ Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдағаны белгілі болып отыр.