«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының еріктілері Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығы облыстық филиалының қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына азық-түлік таратып, қысылтаяң шақта қол ұшын берді.
9-13 сәуір аралығында еріктілер Біржан сал, Бурабай аудандарында және Көкшетау қаласында тұратын елуге жуық отбасында болып, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін – ұн, жарма, қант, май, жеміс-жидектер, сондай-ақ дәрі-дәрмектер, антисептика құралдарын үлестірді. Сөйтіп, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарттардың алғыстарына бөленді.
Облыстық ассамблеяның еріктілер орталығының жетекшісі Умар Шоназаров Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері – «Новопэк», «Вертикаль» және «МК-Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің кәсіпкерлеріне көрсеткен қолдаулары үшін рахметін айтты. Елдегі төтенше жағдай кезінде еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету бойынша өз жұмыстар одан әрі жалғастырады.