Қызылорда қаласының №2 сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы облыстық прокуратураның сайтында жарияланды.
Іс құжаттарына сәйкес, бұрын алаяқтық үшін сотты болған азамат Алматы қаласына барып, 20 мың теңгеге жалған жеке куәлік жасатады. Бірнеше күн өткеннен кейін өзге біреудің атына дайындалған осы жеке куәлікті алып, соның атынан құқық беретін жалған ресми құжатпен Қызылорда қаласындағы банк филиалына келеді. Банк қызметкерінің сенімін теріс пайдаланып, несие рәсімдеу арқылы 4 874 000 теңгені қалтасына басады.
Жалған құжат арқылы несие алып, өз қажетіне жаратқан азамат Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.