• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2020

Кәсіпкерлерге уақытылы өнім жеткізбегені үшін айыппұл салынбайды

308 рет
көрсетілді

Мемлекеттік сатып алулар аясында өнім жеткізумен айналысқан кәсіпкерлерге ТЖ режиміне байланысты жеткізулерді уақытында жүзеге асырмағаны үшін айыппұл қолданылмайды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook-тегі парақшасында 12 наурыздан бастап кәсіпкерлерден 30,3 мыңнан астам өтініш (сауалнама, call-орталық, жазбаша өтініштер мен әлеуметтік желілер) түскенін хабарлады. Өтініш білдіргендердің 60%-ы енгізілген шектеулерге байланысты шарттық міндеттемелерді бұзуға мәжбүр болғанын хабарлады.

Мемлекеттік сатып алулар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулар шарттары шеңберінде тауарларды жеткізуді жүзеге асыратын (жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін) кәсіпкерлер өздерін мазалап жүрген сұрақтарды қойды. Мемлекетпен жасалған келісім-шарттар талаптарының ең елеусіз бұзылуының өзі өсімақы төлету мен екі жылға қара тізімге енгізу қаупін тудырады.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерден алғашқы өтініштер легі түсе бастағанда-ақ Үкіметке мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен жасалған шарт міндеттемелерін бұзғаны үшін бизнесті жауапкершіліктен босату қажеттілігі туралы ұсыныстарды дайындау қолға алынғандығын айтып өтті.

Рустам Жүрсінов 23 наурызда Президент Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде «мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар айыппұл санкцияларын өндіріп алмауы және егер шарттың орындалмауы экономикадағы ағымдағы келеңсіз құбылыстарға байланысты болса, жеткізушіні жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізбеуі тиіс», деп атап өткендігін еске салды.

«Жақын арада Президенттің тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік сатып алулар бойынша Үкімет қаулысы қабылданады деп күтіп отырмыз. Егер елде енгізілген шектеулерге байланысты міндеттемелерді бұзуға жол берілген болса, бизнес ТЖ режимі жағдайында мемлекеттік сатып алулар бойынша жеткізуге қатысты шарт таралптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылуы тиіс», деп атап өтті Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.