Англияның «Ливерпуль» командасы онлайн жаттығуға кешіккен немесе жаттығуды өткізіп алған футболшыларға айыппұл салатын жүйе енгізді. Бұл туралы команданың бас бапкері Юрген Клопп мәлімдеді.
«Біздің жаттығу таңғы 10:00-де басталады. Футболшыларға арналған чат 9:30-да ашылады, және сол уақытта ойыншылардың барлығы дерлік қосылуы керек. Егер кейбір футболшы 9:30-дан кейін, бірақ уақытылы қосылса оларға ештеңе демейміз. Ал белгіленген уақыттан тым кешігіп қосылатын болса, онда айыппұл төлеуге тура келеді», дейді Клопп.
Ағылшын премьер-лигасы наурыз айында корнавирус пандемиясына байланысты белгісіз уақытқа дейін шегерілген болатын. Чемпионаттың 29-турынан кейін «Ливерпуль» клубы 82 ұпаймен көш бастап келеді. Болжам бойынша АПЛ ойындары мамыр айының соңына қарай басталады деп күтілуде.